Current Date: 14-03-2025

Түркістанда 57 адам сушиден уланып қалды

Оның 22-сі қалалық орталық ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды 24kz.

Ал үшеуі жансақтау бөліміне орналастырылған. Олардың арасында 14 жасқа дейінгі 17 бала бар. Астан уланғандардың бәрі дәмханадан тамаққа тапсырыс берген болып шықты. Пицца, суши, чикен тағамдарын тұтынған тұрғындардың жағдайы күрт нашарлап, жаппай дәрігердің көмегіне жүгінген. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес астан уланғандарға «Тағамдық токсикоинфекция болжамды жағдай» диагнозы қойылған. Осы оқиғадан кейін Түркістан қалалық полиция басқармасы дәмхананы жауып тастады. Адамдардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірқатар сараптама тағайындалды.

Мутабар Шерметова, қалалық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі:

- Бүгінгі таңға 22 науқас токсикалық тағамды инфекция диагнозымен емделіп жатыр. Оларға болжамды жағдай қойылған. Олардың барлығының жағдайлары қазіргі уақытқа қалыпты. 22 науқастың барлығы инфекциялық стационардың оқшауланған палаталарында ем алып жатыр. Дәрі-дәрмектер жеткілікті.