14 наурызда Бейжіңде шорт-тректен ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионаты басталады. Дүбірлі додада еліміздің намысын 10 өреніміз қорғайды.
Еліміз құрамасының бас бапкері Пётр Гамидов Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Галиахметов, Мерсаид Жақсыбаев, Глеб Ивченко, Яна Хан, Зейнеп Құмарқан, Ольга Тихонова, Мәлика Ермек, Алина Әжіғалиеваға сенім артып отыр. Шорт-трекшілеріміздің дені – халықаралық ареналарда атой салып жүрген тәжірибелі спортшылар. Алды әлем чемпионатында жүлде алып, Олимпия ойындарында өнер көрсетсе, өзгелері әлем кубогінің кезеңдік сайыстарында жеңіс тұғырына көтерілді. Сондықтан айтулы аламанда қазақ жанкүйерлері медальдың сыңғырын естиді деп үміттенеміз.
Шорт-тректен әлем чемпионаты 1976 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жарыста Азия құрлығының өкілдері мол олжаға кенелді. Мәселен, Оңтүстік Корея 265 (113 алтын+83 күміс+69 қола) жүлдені қоржынға салса, Қытай 160 (69+48+43) медаль иеленді. Үздік үштікті Канада түйіндеп тұр. Үйеңкі жапырақтары елінің спортшылары 222 (62+85+75) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Сондай-ақ ТОП-10-дыққа Нидерланд (27+20+18), АҚШ (17+18+33), Жапония (13+19+23), Ұлыбритания (7+10+9), Мажарстан (8+9+4), Италия (6+18+28), Ресей (3+6+9) еніп отыр.
Еліміз өз тарихында бір жүлде ғана олжалады. Оның иегері – Денис Никиша. Былтыр Нидерландтың Роттердам қаласында өткен әлем чемпионатында 29 жастағы Ақмола облысының өкілі 500 метрлік сайыста күміс медальды мойнында жарқыратты. Ол тек Пхенчхан Олимпиадасының жеңімпазы әрі қола жүлдегері, әлемнің 9 дүркін чемпионы, оңтүстіккореялық Линь Сяоцзюньнен қалып қойды. Бұл қашықтықта Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, франциялық Жордан Пьер-Жиль қоланы қанағат тұтты.
Былтырғы дүниежүзілік додада Қытай-дың қарқынына ешкім шыдамады. Олар төрт алтын алып, жалпы есепте жеке-дара көш бастады. Одан кейінгі сатыларға Канада (2+0+2), АҚШ (1+2+3), Оңтүстік Корея мен Нидерланд (1+2+0), Италия (0+2+2), Қазақстан (0+1+0), Аустралия, Польша (0+0+1) жайғасты.