Тіршілік түлеп, көктем көңіл бүр жарғанда жыл басталады. Амал айымен жететін мерекелер ағайынның арасын жақындатып, бауырлардың бірлігін бекемдей түсуді мақсұт етеді. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлынша айтсақ, бұл мезет қырдағы елдің ойдағы елмен араласатын шаттықты шағы, деп жазады Egemen.kz.
Бабаларымыз амал айы туғанда қыс бойы қатынас қиындаған, үзілген жақын-жұрағаттың жағдайын, мал-бас амандығын білуге асығады. Үлкен-кіші біріне-бірі ізет көрсетіп, ауылына арнайы барып, сәлем беріп бас сұғады. Сәлемнен басталған сыйластық Әз-наурызды тойлауға ұласады.
Былтыр бекітілген Наурызнама онкүндігі тұжырымдамасы да осы ойымызды қуаттайды. 14 наурыз көрісу күнінен басталған мереке ұлттық құндылықтарымызды он күн бойы түгендеп, насихатын арттырып, Наурызды атап өтумен ұштасады.
Ал көрісу күнінін еліміздің батыс өңірі әу бастан белсенді тойлайды. Бұл күні Батыс Қаратау тау жүйесінде орналасқан Маңғыстаудың ең биік нүктесі Отпан тауда от жағылады. Бекем бірліктің символына айналған алаудың тарихы да татулық пен қиын-қыстау кезеңде жұдырықтай жұмылуға үндейді. Отпантау жаугершілік заманда халыққа қорған болған қасиетті мекен. Бүгінде Отпантауда «Бірлік алауын» жағу мерекенің басталғанын аңғартады. Бұл сәтте үйдегі әйел-аналар, қыз-келіншек атқарар шаруа мен дәстүр қалыптасқан. Біз осы жайлы Маңғыстау облысы, Оңды ауылының тұрғындары, өсіп-өнген Өтесіновтер әулетінің көркем келіндерінен сұрап білдік.
Осы әулеттің түтінін 5 жылдан бері түтетіп, алдыңғы толқын үрдісін жалғастырып келе жатқан Жанғали Ақсынай бала шақтан қалыптасқан қағида бойынша көрісу күнін елеусіз қалдырмайтынын айтады.
«Өміріміздегі татулық пен бірліктің символына айналған мереке дер едім. Бұл күнге дейін жаңару басталады. Өкпе-реніш ұмытылып, алған қарыздарымыз болса соны қайтаруға тырысамыз. Алыс ағайынмен көрісіп, жақын жанмен емін-еркін дидарласатынымыз ұнайды. Ізеттілік пен кішіпейілділіктің көрінісі осы тұста айқын көрінеді. Бұл дәстүр өз кезегінде тәрбиелеп отырған ұл-қызымызға да өрнекті өнеге болмақ. Ағайынын бауырына басқан мейірімділікті көріп өскен ұрпақ адамзаттың бәрін сүюге ұмтылады», деген Ақсынай мерекелік дастарханды әзірлеп, ас-суды қамдау да мереке мерейін асыра түсетінін тілге тиек етті. Кейіпкеріміз мереке қарсаңында ер мен әйел атқаратын шаруалар жұрт жадында жатталғанын атап өтті.
«Бұл мерекеге дайындық ертеден басталады. Ер адамдар қыстық соғымын дайындайды. Одан қала берді үй айналасын ретке келтіріп, ағаш егу жұмыстарын жасайды. Үйге келген әрбір жанға жақсы тілегін арнап, үлкен кісілер батасын береді. Сондай-ақ, мерекеде ұйымдастырылатын шараларға жұмыла бірігеді. Мәселен, 14 наурызда өңірімізде дәстүрлі түрде Амал мерекесі тойланып келеді. «Отпан тау» мәдени-тарихи кешенінде әр рудың адамдары бірігіп, үй тігіп жаңа жылды қарсы алуға дайындалады. Бұл – ер адамдар үшін маңызды жұмыс болмақ. Ал мейрам қарсаңында әйел адамдар дастарқан қамымен жүреді. Дастарқанға ұлттық тағамдарды әзірлеп, арнайы дәнді дақылдарды қосып наурыз көже пісіреді. Жаңа жылға сақтаған сүр етін асып, қонақтарды күтуге дайындалады. Біздің Маңғыстаудың қыз-келіншектері, әйелдері, әжелеріне дейін жаңадан көйлек тіктіреді. Алдын ала базар аралап сыйлықтың ең жақсысын таңдап, келген қонаққа ұсынуға дайындайды. Үйдің ішкі тазалығы да әйелдердің мойнында», дейді Жанғали Ақсынай.
Ал Ақсынайға шаңырақтағы шаттықты еселейтін дәстүр-дағдыны енесі, мәдениет саласының қызметкері Шәуенова Сара Шоғықызы үйретіп жүр. Сара Шоғықызы мерекенің тойлану төркінін ұрпақтарына үйретуді өзіне парыз тұтады.
«Бұл мерекенің отбасындағы құндылығы жоғары. Осынау игі дәстүрдің жалғастығын, біз үшін маңызын балаларыма, немерелеріме түсіндіруден шаршаған емеспін. Бұл күнге дайындықты ерте бастауды, қыз балаларға ас әзірлей алу керектігін үнемі айтып отырамын. Бұл күні жастардың үлкендерге көрісіп, бата алуының мәні бар. Үй ішіндегі жандар бір-бірімізбен көрісіп, «Жасың құтты болсын» деген тілектерімізді айтамыз. Отбасындағы игі дәстүрлерді мен де алдыңғы толқыннан үйрендім, келер буынға қалпын бұзбай жеткізу міндетіміз», деді ол.
Жыл өткен сайын көктем жаршысы көрісу күнінің мән-мағынасы айшықталып, тойлану аймағы кеңіп келеді. Мереке мерейін асырып, ұрпағына үлгі етіп отырған отбасы институтының қаймағы бұзылмасын.