Батыс Қазақстан облысында жұмыссыздарды қайта даярлап, еңбекпен қамту кезінде көзбояушылыққа жол берілген.
Бұл туралы салаға талдау жасаған Антикор өкілдері мәлімдеді. Мәселен, Жәнібек ауданындағы кәсіптік колледжде «аспаз» мамандығына оқыған 15 адам шаруа қожалықтарына тек қағаз жүзінде жұмысқа тұрған. Бірақ шын мәнінде 15 адамның 10-ы жұмыссыз жүрген. Зейнетақы жарнасын өз қалтасынан төлеп келген. Ал "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен берілген 121 грант мақсатсыз жұмсалған. Мәселен, тігін шеберханасын ашу үшін 505 мың теңге грант иеленген ауыл тұрғыны қажетті жабдық алмай, ақшаны жеке қажетіне жаратқан. 2023 жылы бизнесті дамытуға грант алған 59 кәсіпкер қаржыны қайда жұмсағаны туралы есеп бермеген.
Біржан Хайруллин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментінің басқарма басшысы:
- Бұл жағдай жосықсыз грант алушылардың бюджет қаражатын ысырап ету тәуекелдері бар. Нәтижесінде мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттарын орындамауға әкелуі мүмкін. Яғни осы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін цифрлық теңгені енгізу арқылы жою жөнінде ұсыныс берілді. Бұл ұсыныстың орындалуы департаменттің қатаң бақылауында.