Ішкі істер министрлігі алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылар мен оған қатысушыларды анықтау және жолын кесу бойынша шаралар кешенін жалғастырып жатыр. Шара аясында Астанада киберқылмыспен айналысты деген күдікпен сall-орталықтың 6 қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz ақпараттық медиа-порталы.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері елордалық бизнес-орталықтардың бірінде алаяқтық сall-орталықты жойды. Қаскөйлер өздерін "Техносмарт", "Байзон", "Like me shop" интернет-дүкендерінің қызметкерлері ретінде таныстырып, көліктер мен пәтерлер сияқты ұтыстар туралы хабарлап, оларға салық төлеу қажетті туралы айтқан.
Жедел іс-шараларды өткізу кезінде кеңсенің алты қызметкері ұсталды. Олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары. Жеті ноутбук, маршрутизатор, wi-Fi роутер тәркіленді.
"Егер сіз осындай алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, 102 нөміріне немесе тұрғылықты жеріңіз бойынша полиция бөліміне хабарласыңыз", — деп ескертті тұрғындарға ІІМ өкілдері.
Сонымен қатар Жетісу облысында полицейлер ҰҚК қызметкерлерімен бірлесіп, интернет-алаяқтық жасау үшін sim-box құрылғысын пайдалану фактісін анықтады.
"Тінту барысында 96 слоты бар жеті sim-box құрылғысы, қазақстандық ұялы операторлардың 50 мыңнан астам sim-картасы, жеті ұялы телефон, екі ноутбук, сондай-ақ қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған деп болжанған ИЖ-53 маркалы екі пневматикалық тапаншасы және төрт армиялық каска тәркіленді. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Биыл киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөліністерінің қызметкерлері барлығы 64 sim-box құрылғысын анықтап, отандық ұялы операторлардың 90 мыңға жуық sim-картасын тәркіледі", — делінген хабарламада.
Еске салсақ, бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізіліп, онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралғанын жазған едік.
Сонымен бірге қаңтарда полицейлер алаяқтықпен айналысатындардан жүздеген sim-карта тәркілегенін хабарлағанбыз.
Айта кету керек, бұған дейін Алматыда екі ер адамнан 190 sim-карта мен sim-box құрылғылары тәркіленген. ІІМ отандық ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, ел аумағында алаяқтық қызметтің жолын кесті.