Current Date: 17-03-2025

Үржарда майлы дақылдарды өңдейтін зауыт салынады

Абай облысының әкімі Берік Уәли Үржар ауданына жұмыс сапары барысында майлы дақылдарды өңдейтін май зауытының құрылысымен танысты.

Жеке инвестор есебінен салынып жатқан нысанның құрылысы былтыр күзде басталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық әкімдікке сілтеме жасап. Кеңсе ғимараты мен жұмысшыларға арналған жатақхана салынған. Қазіргі таңда май өңдеу блогының құрылысы жүргізілуде. Зауыт іске қосылғанда тәулігіне 500 тонна шикізат өңделмек. Жоба құны — 1,5 миллиард теңге.

Облыс әкіміне ауданда жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық жобалар да таныстырылды. Жеке инвесторлар "Үржар-Аягөз" тас жолының 92- шақырымында және Үржар ауылының шыға берісінде жанармай құю, газ құю станциясы мен дүкен кешенін салуды жоспарлап отыр. Бүгінде ауданда 7 жанармай құю бекеті бар.

"Үржар — тоғыз жолдың торабында орналасқан, облысымыздағы халық саны көп аудандардың бірі. Аудан орталығында 20 мыңға жуық халық тұрады. Әсіресе, жазда туристер көбейгенде жанармай тапшылығы байқалады. Бастамаларыңызды қолдаймын. Аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аудан үшін тиімді болары анық. Жаңа жұмыс орындары құрылады, қызмет көрсету сапасы да артады", — деді аймақ басшысы.