Атырау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттары ішінара жекешелендірілуі мүмкін. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметов мәлімдеді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс дәлізінде журналистердің сұрақтарына жауап берген Рустам Ахметов агенттік осы зауыттардағы мемлекеттің үлесінің 50 пайызын жеке қолға беруді ұсынғанын айтты.
"Талдау аясында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі ұлттық кеңсенің жұмыс деңгейі ретінде осы активтерді жекешелендіруді ұсынды. Алдын ала талқылау өткізілді және осы активтердегі мемлекеттік үлестің 50 пайызын беру туралы ұсыныс алдын ала келісілді", — деді Ахметов.
Агенттік өкілінің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауыты үлесінің 50 пайызы жеке инвесторға тиесілі. Оның сөзінше, бұл кәсіпорынды тиімді басқаруға ықпал етеді.
"Шымкент МӨЗ-нің табысты жұмысын мысал ретінде көріп отырмыз. Үлестің 50 пайызы жеке меншік иесіне тиесілі. Ең бастысы ол жерде жеке нысандағы басқару, яғни мемлекет тарапынан шенеуніктер жоқ. Жеке тұлға тарапынан тиімді басқарылып жатқанын көріп отырмыз", — деп түсіндірді Рустам Ахметов.
Атырау мұнай өңдеу зауыты ("АМӨЗ" ЖШС) — Қазақстанның жетекші үш мұнай өңдеу зауытының бірі. Ұлы Отан соғысы жылдары салынған және 1945 жылы пайдалануға берілген. Мұнай өңдеу зауытының иесі — "ҚазМұнайГаз" ҰК " АҚ (99%).
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!