Current Date: 18-03-2025

Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымы жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілін тағайындады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілін тағайындады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

"Мемлекет басшысының жарлығымен Қайрат Қалмұқаметұлы Төребаев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды", — делінген хабарламада.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, "Халықаралық Экономист" мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Берн қаласының Дүниежүзілік сауда институтында Халықаралық құқық және экономика магистрі дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1997 жылы бастаған және 2001 жылға дейін жеке құрылымдарда жұмыс істеген.

Мемлекеттік қызметке 2001 жылғы шілдеде келген (Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің валюта-қаржы департаменті жоспарлау бөлімінің жетекші маманы болып бастаған).

2001 жылдың шілде айынан 2009 жылдың қазан айына дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстанның Үндістан Республикасындағы елшілігінде әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған.

2011 жылы Азия Даму Банкінің Орталық Азия өңірлік ынтымақтастық бағдарламасының үйлестірушісі болып жұмыс істеген.

2012 жылдың қараша айында Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Сыртқы экономикалық саясат департаментінің бірінші хатшысы ретінде мемлекеттік қызметке оралған.

2012 жылғы желтоқсанда Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрі хатшылығының кеңесшісі болып тағайындалған.

2013 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, 2013 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстанның Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, 2014 жылғы қазаннан 2019 жылғы маусымға дейін Ұлттық экономика министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болған.

2019 жылғы маусымнан бастап Ұлттық банктің халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып жұмыс істеген.

Айта кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілін қызметін Әсет Ерғалиев атқарды. Осы жылдың ақпан айында соңында Ерғалиев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып тағайындалды.