Араб Әмірліктерінде тұратын көп қазақстандықтың салық мәртебесі белгісіз. Кәсіпкерлік қызмет аясы да айқындалмаған. Отандық фискалды сала өкілдері осылай деп хабарлады. Таяуда салық комитеті шетелдегі әрбір отандасымызға хабарлама жолдап, қосымша міндеттеме жүктеуі мүмкін.
Қазақстан мен Араб әмірліктері арасында салық саласы бойынша ақпарат алмасу келісімі жасалған. Соған сай фискалды органдар бір-бірінен мәлімет сұрата алады. Әмірлікте қандай да бір ірі кәсіптен дивиденд алып отырған көк төлқұжат иелері де назардан тыс қалмайды. Банк есепшоттары, төлемдері және аударымдары жіті назарда. Сол арқылы Қазақстанның кірістер комитеті араб жерінде бизнеспен айналысатын азаматтардан жеке табыс салығын талап етуге құқылы. Бұл ретте әңгіме көбіне ірі бизнеске қатысты болып отыр. Дегенмен тәжірибеде түрлі айла-тәсілге барып, салықтық міндеттемеден жалтарып жүретіндер кездеседі.
Жалпы бейресми дерек бойынша Дубай және Әбу Дабиде 10 мыңнан астам қазақстандық бар. Соның ішінде жергілікті және әлемдік компанияларға қызметке орналасқандардан бөлек, жылжымайтын мүлік саудасы мен жалға беруді тұрақты кәсіп қылғандар жетерлік. Басым бөлігінің салық мәртебесі айқындалмаған. Олар әмірлік резиденті әрі жеңілдетілген салық режимін қолданушы болғанымен, Қазақстанның кіріс органдарына бұған қатысты еш мәлімет ұсынбай отыр. Ал тәртіп бойынша олар өзге де отандастарымыз секілді 10%-тік жеке табыс салығын төлеп отыруы тиіс. Мамандар бұл заң талабы екенін ескертеді.
Динара Әбдіқайырова, салық, аудит және бухгалтерлік жоспарлау саласы бойынша кеңесші:
- Әмірлік аумағында жұмыс істеп, табыс тауып жүрген Қазақстан азаматтары өз елінің кірістер комитетіне осы жақтың салық сертификатын ұсынуы керек. Сонда оларға қосарланған салық салынбайды. Осы мемлекетте тапқан табыс нөлдік деңгейде қалады. Егер қазақстандықтар өткен 2024 жыл бойынша аталған анықтаманы наурыздың 31-не дейін жөнелтіп үлгермесе, осы жақтағы кірісінен 10% жеке табыс салығын төлеуге міндеттеледі.
Анығында, талап сырт елдегі қазақстандықтардың салық мәртебесін анықтау үшін жасалып отыр. Себебі құзырлы органдарға көбінің әмірлікте қандай шаруамен айналысып, негізгі кірісінің қай жақтан келіп жатқаны белгісіз. Мамандардың айтуынша, отандастарымыз сол елдің салық резиденті екенін растап, арнайы сертификат көрсетсе, еш міндеттеме алмайды. Ол үшін E-otinish платформасы да құрылған.
Авторы: Рауан Мыңбай.