Current Date: 18-03-2025

Аудан әкімдерін халық сайлайды

Ұлттық құрылтайда ел Президенті кейінгі жылдары ауқымды саяси реформа қолға алынғанын атап өтті. Конституцияға енгізілген өзгерістер нәтижесінде Парламенттің құзыры кеңейіп, Үкіметтің жауапкершілігі ұлғайды.

Жергілікті жердегі атқарушы билік түбегейлі жаңарды. Әкімдерді сайлау жүйесі қолданысқа енді. Үш жыл ішінде ауыл әкімдерінің 72%-і жаңадан сайланды. Ал енді биылдан бастап аудан әкімдерін де халық сайлайды.

Биылдан бастап аудан әкімдерін халық сайлайды. Ұлттық құрылтайда Президент айтқан маңызды мәселенің бірі осы болды. Жағымды жаңалықты қалың бұқара қуана қабылдады. «Билік тізгінін елдің қамын ойлайтын азаматтар алғаны жөн», – дейді көпшілік.

Сауалнама:

- Халық өзі сайласа плюс бола береді деп ойлаймын. Біз енді жүрміз ғой әйтеуір осы жасқа келгенше. Көп нәрсені көрдік қой, негізі халықтың сайлауымен болған әкім халыққа жанашыр болады деп ойлаймын.

- Сол жердің адамы дұрыс қой. Өзінің туған жерін біледі ғой. Қандай жағдай болады. Мысалға, енді кейде су алып кетіп жатыр, басқа адамдар білмейді ғой. Қай жерде өзен барын. Ал анау өзі біледі де, тұрғылықты адамдар.

- Халық сайлау керек қой негізінде. Ортамыздан шыққан жақсы адам халыққа қарайтын, жағдайға қарайтын адам болу керек. Өзім білем деген адам ол болмайды.

Әкімдер сайлауы – демократиялық қоғам құруға жасалған нық қадам. Яғни жаңа әкімдер билік пен халықтың арасындағы байланысты нығайтуға тиіс.

Бекзат Алтынбеков, AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:

- Жалпы сайлау не береді деген сұрақтар туындап жатады. Сайлау жалпы биліктің халыққа жақындауына, халықтың өзінің тікелей таңдауына тікелей үлкен мүмкіндіктер береді. Дегенмен де біздің халықтың қазіргі таңда сайлау мәдениеті қалыптасты, қалыптасып келе жатқандығын күнделікті өтіп жатқан мына өміріміздегі саяси реформалар арқылы нақты біліп отыруға болады.

Жалпы бұған дейін де аудан әкімдерінің сайлауы пилоттық режимде өткен еді. 2023 жылы 42 аудан мен 3 қала тұрғындары өздеріне әкім таңдады. Бүгінде бұл әкімдердің басым бөлігі ел игілігіне қызмет етіп жүр.

Бекзат Алтынбеков, AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы:

- Кейінгі сайлаулардың барлығында халық іскер, білімді және ел үшін жұмыс жасай алатын азаматтарды таңдауда жаңылыспай келе жатқандығын көріп келе жатырмыз. Сонымен қатар одан арғы жылдардағы сайлаулармен салыстырған уақытта халықтың сайлауға қатысуы өте төменгі деңгейде болатын болса, кейінгі Ақтоғай ауданында өткен аудан әкімінің сайлауында кейбір ауылдық, селолық округтерде 100%-ке дейін, ең азы 80-90%-ке дейін халық өзі келіп, аудан әкімінің сайлауына қатысқандығының көрінісін көрдік.

Осылайша әкімдер сайлауы елдің саяси өмірінің ажырамас бөлігіне айналмақ. Әкімін өзі сайлаған халық басқару ісіне де белсене қатысатыны анық. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көзделген нақты мақсаттарды бірі.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Ғалымжан Абдылахат