Әлеуметтік желілерде бортсеріктер неге ұшақта иллюминатор перделерін жаппауды сұрайтыны жиі қызығушылық туғызады. Бұл қауіпсіздік шарасы ма, әлде жай ереже сақтау үшін бе? Сауалға қазақстандық әуекомпаниялары жауап берді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
SCAT
Компанияның баспасөз қызметі бұл талап халықаралық қауіпсіздік нормаларының бірі екенін еске салды.
"Ұшып көтерілу және қону кезінде бортсеріктер салон ішінде жүрмейді. Терезелердің ашық тұруы жолаушыларға қандай да бір төтенше жағдайды байқауға және экипажға хабарлауға мүмкіндік береді", — деп түсіндірді SCAT өкілдері.
Qazaq Air
Бұл әуекомпанияның баспасөз қызметі өкілі де ұшақ көтерілу және қону кезінде иллюминатор перделері ашық тұруы қажет екенін растады.
"Бұл қауіпсіздік шараларының маңызы зор, себебі ұшудың дәл осы кезеңінде апат жиі болады. Біріншіден, перделердің ашық тұруы жолаушылардың көзін табиғи жарыққа бейімдеуге көмектеседі, бұл төтенше жағдайда жақсы бағдарлануға мүмкіндік береді. Осы себепті көтерілу және қону кезінде ұшақ салонында негізгі жарық сөндіріледі. Екіншіден, иллюминаторлар арқылы бортсеріктер мен жолаушылар сыртта не болып жатқанын көре алады. Бұл экипажға уақытылы ақпарат беруге немесе эвакуация кезінде жағдайды бағалауға көмектеседі", — деп түсіндірді Qazaq Air өкілдері.
Сонымен қатар, компания мәліметінше, апат жағдайында қону кезінде құтқарушылар иллюминаторлар арқылы ұшақ салонындағы жағдайды бақылап отыра алады.
"Үшіншіден, төтенше жағдайда жарақат алу қаупін азайтады. Себебі жабық пластик перде қатты соққыдан жарылып, жолаушыларды жарақаттауы мүмкін", – деп қорытындылады әуекомпанияның баспасөз қызметі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!