Current Date: 18-03-2025

Бақтиер Зайнутдинов Қазақстан ұлттық құрамасының алдағы екі ойынына қатыспайды

Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде наурыз айында сырт алаңда екі маңызды матч өткізеді. Бұл ойындарға жартылай қорғаушы Бақтиер Зайнутдинов қатыспайды, деп хабарлайды Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Өкінішке қарай, Бақтиер Зайнутдинов медициналық қаралымның қорытындысы бойынша алдағы ойындарға қатыса алмайды. Ойыншымызға тезірек сауығып кеткенін тілейміз!" — делінген ҚФФ-ның Telegram-дағы арнасында жарияланған хабарламада.

Бұдан бөлек, Түркияда өтіп жатқан оқу-жаттығу жинына Максим Самородов, Стас Покатилов, Нұралы Әліп пен Георгий Жуков, Рамазан Оразов пен Ғалымжан Кенжебек қосылған.

Абат Айымбетов Жақын арада келеді деп күтілуде.

"Сондай-ақ Дінмұхамед Қараман өз клубына оралды. Ал Дулат Талыспаев пен Давид Есімбеков Алматыда жиын өткізіп жатқан Қазақстан U-21 құрамасына қосылды", — делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясындағы екі маңызды матчтың бірі 22 наурызда Кардифф қаласындағы Cardiff City стадионында өтеді. Қазақстан құрамасы Уэльспен кездеседі. Ойын Астана уақытымен 23 наурызда сағат 00:45-те басталады.

25 наурызда Қазақстан құрамасы Лихтенштейнге қарсы ойнайды. Матч Вадуц қаласындағы Rheinpark стадионында өтеді. Бұл ойын да Астана уақытымен 00:45-те басталады.