Алматыдағы Мемлекеттік қуыршақ театры Ұлттық киім күніне орай кішкентай көрермендерге ерекше қойылым ұсынды, деп хабарлайды 24kz.
Жыл он екі ай» ертегісінің желісімен сахналанған спектакльде қазақтың ұлттық киімдеріне басымдық берілген. Жыл басы болуға таласқан кейіпкерлер сахнаға жағалы шапан, ішік, бөрік, жадағай шапан мен сәукеле киіп шықты. Бір ерекшелігі, қойылымда танымал ертегінің желісі аздап өзгертілген. Спектакльде күн мен түн теңелген жыл басы – Наурыз мерекесі Қыдыр атаның берекелі батасымен басталады. Ұлттық салт-дәстүр, ырымдар да қойылымда сәтті үйлестірілген.
Айта кетейік, мерекеге орай театрдың ұлттық киімдегі қуыршақтарының көрмесі ұйымдастырылды.
Шоқан Құлназаров, «Наурыз құпиясы» спектаклінің режиссёрі, актёр:
- Бұл жерде менің сендіргім келгені өзіміздің Қыдыр атамыз бар, соңында шашуым деп беріп жатыр. «Қыдыр атаның шашуын қабыл алыңыздар дегенде» балалар: «оо шашу» деп, кәдімгі өзіміздің салтымыз ғой. Ол бізде бұрыннан келе жатқан ырымның, салттың бірі. Сол Қыдыр атамен байланысты ол да балалардың есінде қалсын деген ниетте.