Current Date: 18-03-2025

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Қызылордада өтеді

Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына 100 жыл толды. Бұл маңызды дата Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда ерекше айтылды. Мемлекет басшысы құрылтайдың келесі отырысын Сыр өңірінде өткізуді ұсынды, деп хабарлайды 24kz.

1925 жылы 9 ақпанда ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы шешім қабылданды. Сол жылы халқымызға «қазақ» атауы ресми түрде қайтарылды. Бұл тарихи шешімнің құжаты қалалық музейде сақталған.

Жадыра Жаркеева, қалалық музейдің ғылыми қызметкері:

- Қазақ халқының ең көп шоғарланған жері қай жерде болса және қазақ халқының салт-дәстүрі сақталған жер қай жер болса, сол жерді астана қыламыз деген ұйғарымға келіп, Ақмешіт қаласын 90%-і қазақ халқын құрағандықтан, әдет-ғұрып, салт-дәстүр өте жақсы сақталғандықтан, осы жерді астана қылуға ұйғарым шығарды.

Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы осынау тарихи белеске ерекше тоқталды. Және құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында өткізуді ұсынды.

Қылышбай Бисенов, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Түркі әлемінің абызы Қорқыт бабадан бастау алатын біздің тарихымыз, жалғасып келе жатқан сан жылдар бойы ұлттың қиын қыстау жылдарында Сыр елі елге ұлтқа пана болған, осының барлығы тарихтан белгілі. Әсіресе, Мемлекет басшысы осы қазақ атауының Қызылорда айтылуы, Қызылордада астана болған кездегі айтылуының өзіне, мінекей, уақыттың жылдамдығы 100 жыл болғаны, ғасыр болғаны туралы айтты.

Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жыл сайын өсуде. Құрылыс көлемі артып, түрлі инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Әлеуметтік нысандар салынып, шағын бизнес дамыды. Кезінде астана болған қаланың құрылтай қонақтарына жеткізер жетістігі аз емес,-дейді Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов.

Қылышбай Бисенов, Ұлттық құрылтай мүшесі:

- Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық республикалық деңгейдегі жобаны да атап өтті. Жылу электр орталығы, салынып жатқан құрылыстар, жайлы мектеп, мидициналық ұйымдар, осының барлығы біз үшін үлкен мақтаныш.

«Өткеннің мұрасын сақтай отырып, уақыт көшінен қалмаған Қызылордада өтетін Ұлттық құрылтай маңызды шешімдермен ерекшеленеді», - деп сенеді зиялы қауым.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев