Current Date: 19-03-2025

«Малай» қалай екен?

Жуырда ел кинотеатрларында отбасылық комедия – «Малай» фильмі жаппай көрсетілімге шықты. Бұл – «Холоп» туындысының қазақ көрерменіне бейімделген нұсқасы. Осыған дейін фильм Түркия, Моңғолия мен Фран­цияда шыққан . Отандық нұсқада жергілікті менталитет пен әзіл ерекшеліктері ескерілді.

Басты кейіпкер – бай­дың мұрагері Чина (Жеңіс Омаров). Жас жігіт сән-салтанатқа әбден бой үйретіп, өзіне бәрі рұқсат деп ойлайды. Алайда оның әкесі (Жандарбек Садырбаев) ұлын сабасына түсіруді ойлап, ерекше айла-амалға барады. Елден ерекше психологпен (Дулыға Ақмолда) бірігіп, XIX ғасырдағы қазақ ауылының өмірін қайта жасайды. Чинаны сол ортаға жіберіп, «Бай баласы адам бо­ла ма?» деген сұраққа ­жа­уап іздейді.

«Әлемдік кинода сәт­ті туындыларды негізге алып, олардың адаптация­сын ұсыну – кең таралған әрі танымал әдіс. Біз де осы бағытты қолданып, өзімізге үлкен талап қойдық. Қазақ­стан қоғамында мажорлар­дың тақырыбы өте өзекті, сол себепті «Холоп» франшизасы бізге сәйкес келді. Бізге қазақ менталитетін, құндылықтары мен әзілін ескере отырып, бейімдеу өте маңызды болды. Сонымен қатар «Малай» – толықтай қазақ тілінде түсірілген фильм», деп атап өтті «Unico» компаниясының бас продюсері Анара Жүнісова.

Жеңіс Омаров (Zheka Fatbelly) үшін де аталған жоба үлкен сынақ болды. Себебі бұл – оның басты рөлдегі дебюті. Режиссёр мен түсірілім ала­ңын­дағы әріптестерінің ай­туынша, блогер өз рөлін тамаша орын­дап, кадрда шынайы көрінді.

«Менің кейіпкерім неше түрлі қиындықты бастан өт­керді. Физикалық жағынан өте ауыр болды, бірақ қы­зық­ты сәттер де аз емес еді. Әсіресе атпен жүру және шабу қиынға соқты. Қазір сол түсірілім күн­дерін сағынышпен еске аламын, демек, бәрі жақсы өтті», деді Жеңіс Омаров (Чина).

«Елімізде балалар мен ересектерге бірдей қызықты болатын фильмдер көп емес. Сондықтан «Малай» жобасында жұмыс істеу маған қызық болды. Чинаның оқиғасы мен оның өткен ғасыр ауылындағы қызықтары кішкентай көрер­менді күлдірсе, үлкендер үшін ма­жорды тәрбиелеу тақы­ры­бы ой салуы мүмкін», дей­ді фильм режиссёрі Ернар Нұр­ғалиев.

Айта кетейік, фильм­ге Ду­лыға Ақмолда, Лау­ра­ Мыр­зах­мет, Жан­дар­бек Са­дыр­­баев, Ермек Шын­бо­латов, Аида Құрманғалиева (Мона), Сабина Мовлаева, Хамит Ер­дехан сынды белгілі актёрлер қатысқан.