Current Date: 19-03-2025

"Медеу" мұз айдыны бірнеше жылға жабылады

Биыл " Медеу " мұз айдынында жөндеу жұмыстары басталады. Реконструкция жұмыстарын 2025-2027 жылдар аралығында жүргізу жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform.

Бұ туралы басылымға Алматы қаласының Құрылыс басқармасы мәлім еткен.

"Медеуді" жаңғырту жұмыстары EPC келісімшарты (Engineering, Procurement, Construction) шеңберінде осы жылы жоспарланған. Тиісінше, бұл маусым жөндеу жұмыстары алдындағы соңғы маусым болады. Жобаның құны мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін айқындалады", — деп хабарлаған басылымға басқарма өкілдері.

Реконструкция жұмыстарын 2025-2027 жылдары аралығында жүргізу жоспарланған. Қала әкімшілігі "Медеу" мұз айдыны жабылуына байланысты жаппай сырғанауды қолжетімді ету үшін қыста көше мұз айдындарының санын одан әрі ұлғайтуды қарастырады.

Айта кетейік, 11 наурыздан бастап мұз айдыны тек кешкі жұмыс уақытына көшті. Атап айтқанда, айдын жұмыс күндері сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін, ал демалыс күндері 17:00-ден 20:00-ге дейін және 21:00-ден 24:00-ге дейін ашық болады.

"Медеу" мұз айдынында былтыр сырғанау маусымы 15 наурызда аяқталған еді. Алматы әкімдігінің мәліметінше, биыл қала тұрғындарының тілегі және мұзды тиісті деңгейде сақтауға мүмкіндік берген ауа райының арқасында нысан наурыздың соңына дейін жұмыс істейді.