Current Date: 19-03-2025

Саяси реформалардың арқасында халықтың тынысы ашылды - депутат

Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров саяси реформалар нәтижесінде халықтың саяси тынысы ашылып, елімізде плюрализм дәрежесі артқанын айтты, деп жазады Egemen.kz.

1990 жылдардың басында елімізде нақты плюрализм мен демократияға бағытталған іс-қадамдар жүзеге асырылды. Парламент пен атқарушы билік арасында тепе-теңдік болып, конституциялық құрылысты бақылап отыратын институттар жүйелі жұмыс атқарды. Депутат 1995 жылдан саяси жүйеде өзгерістер басталғанын мәлімдеді.

«1995 жылғы Конституция экономикалық реформалар мен әлеуметтік тұрақтылықты жеделдеткенімен, саяси жүйеміз жекелеген топтар мен кейбір тұлғалардың мүддесіне жұмыс жасап кетті. 2010 жылдан бастап Қазақстанда саяси дағдарыс ашық түрде өршіді. Мәселен, жер реформасына қарсылық және халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуіне наразылық ретінде кейбір әлеуметтік топтардың бас көтеруі орын алды» деген депутат 2019 жылы билік басына Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, Қазақстандағы саяси реформаларға бастамашы болғанын айтты.

«Мемлекет басшысының бастамасымен Саяси реформаларды жоспарлау үшін арнайы Ұлттық Кеңес құрылды. Ұлттық Кеңес елдегі ушығып тұрған саяси процесті эволюциялық жолмен шешуді көздеп, Президент өкілеттілігін Парламентке беру, оппозиция рөлін арттыру, Конституцияға өзгерістер енгізу және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік мәселелерін қарастырды. Президенттің каденциясының басты мәселесі – елімізде қалыптасқан «жеке басқа табынушылық» процессін жойып, мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа тұрпатты, халықтың қоғамдық мүддесіне сәйкес келетін саяси жүйе қалыптастыру», деді Ерлан Саиров.

Сәтті жүзеге асырылып келе жатқан реформалар бастауында 2022 жылы референдум нәтижесінде – Президенттің бір ғана 7 жылдық мерзімге сайлану тәртібі, 2021 жылдан бері ауыл әкімдерін халықтың өзі сайлауы сынды өзгерістер бар.

«Көріп отырғанымыздай, қысқа кезеңде еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Үкімет пен Парламенттің арасындағы тепе-теңдік пайда болып, аймақтардағы мәслихаттардың ролі мен орны артты. Президент өткізген саяси реформалары еліміздегі қоғамдық-саяси процесске азаматтардың араласуына жол аша отырып, аймақтардан жаңа саяси тұлғалардың саяси сахнаға шығуына жол ашты. Бұл қадамдар азаматтар мен мемлекеттің бірлігін арттыратыны белгілі. Бүгінде құрылған Ұлттық Құрылтай шынайы халықтың демократияның тетігіне айналды», деді депутат.