Current Date: 19-03-2025

Израильде атыс кезінде БҰҰ-ның бір қызметкері көз жұмды

Израильдің Газаға жасаған соққысынан БҰҰ демеушілік ететін ұйымның бір қызметкері қаза тауып, бесеуі жараланды. Бұл туралы Палестина анклавының денсаулық сақтау министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

«БҰҰ-ға қарасты ұйымдарда жұмыс істеген 6 шетелдік азамат Газаның орталығындағы әуе шабуылы кезінде жарақат алды. Олардың бірі Шуһада әл-Ақса ауруханасына жеткеннен кейін көз жұмды», деп жазады Газа Денсаулық сақтау министрлігі Telegram арнасында.

Дәрігерлер жарақат алғандардың жағдайы ауыр екенін айтты.

Өз кезегінде мысырлық «Әл-Кахира әл-Ихбария» телеарнасы дереккөздерге сілтеме жасап, оқ тиген БҰҰ қызметкерлері Газа секторын миналардан тазартумен айналысқанын мәлімдеген. Оқиға анклавтың орталық бөлігіндегі Дейр-эль-Балах қаласының аймағында болды.

Айта кетейік, 18 наурызда Израиль қорғаныс күштері Газа секторындағы ХАМАС нысандарына жаппай соққы берді.