Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мәселелері бойынша 5,8 мыңнан кеңес берілді. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері бар 862 хабарлама түсті. Call-орталық арқылы келіп түскен хабарламалардың нәтижелері бойынша ашылған қылмыстық істердің саны артып келеді. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдем көрсететін адамдарға, егер кінәлі адамға қатысты сот қаулысы немесе айыптау үкімі заңды күшіне енген жағдайда, біржолғы ақшалай сыйақы төленетінін еске саламыз», – деді Данияр Бигайдаров ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Ресми өкілдің мәлімдеуінше, сыйақы қағидалармен регламенттелген және сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру және азаматтық қоғамды ынталандырушы тетік.
«Сыйақы 10%-ға дейін, бірақ 4 мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Яғни, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы сенімді ақпарат бергені үшін 15,7 млн теңгеге дейін сыйақы көзделген. 2024 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы сомасы 35,5 млн теңгеге 104 азаматты көтермеледі, оның ішінде 38 мемлекеттік қызметші грамоталармен марапатталды», – дейді ол.
Еске сала кетейік, Антикор іске қосқан WhatsApp чат-ботына жемқорлық туралы хабарласаңыз, 15,7 млн теңге сыйақы алуға мүмкіндік бар.