Көктем келіп, күн жылығалы бері Алматы көшелерінде мопедтер көбейе бастады, деп хабарлайды 24KZ. Кейбір жүргізушілер жол ережесін өрескел бұзады. Соңғы бес күннің ішінде Алматыда мопедтердің қатысуымен 23 жол-көлік оқиғасы болып, 22 адам зардап шеккен. Өкінішке қарай, екі адам қайтыс болды, біреуі кәмелетке толмаған. Қалалық Полиция департаменті берген мәлімет осындай. Ал 5 сәуірден бастап тіркелмеген мопедтердің жолда жүруіне тыйым салынады. Қаладағы халыққа қызмет көрсету орталығында рәсімдеу жұмысы қалай жүріп жатыр?
Көктем келгелі қала көшелерінде ызыңдаған дауыс жиі естілетін болды. Бағдаршамда қызылға өткен, тротуармен жүйіткіген мопедтер көп. Бірнеше күн бұрын түсірілген мына бейнежазбалар – соның дәлелі. Қазір мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында қарбалас. Мопедтерді тіркеу былтыр қазан айында басталғанымен, көпшілігі номер алуға енді көңіл бөліп отыр. Ал 5 сәуірге аз қалды.
Дамир, мопед иесі:
- Мопедтерді тіркеу күзде басталғанын білемін. Қыста мопедпен жүру қауіпті болғандықтан, көп жүргізушілер күн жылыған соң келіп, қазір кезекте тұр. Мамырға дейін созса, жақсы болар еді.
Ал мопед сатумен айналысатын кәсіпкер Нұрболат Қабылаш ерте қамданыпты. Ол жыл басынан бері 100-ден аса техниканы рәсімдеген. «Енді қос дөңгелекті көліктерді мемлекеттік номермен ғана сатамын», – деп отыр.
Нұрболат Қабылаш, кәсіпкер:
- Келесіз, «сверкадан» өтесіз мына жерден, көлікті тексеру, соны аласыз да қоясыз. Болды, ешқандай қиыншылық көріп жатқаным жоқ мен.
Бүгінге дейін Алматыда тіркеуден өткен мопедтердің саны 4 мыңға жеткен. Айта кетейік, мопедті тіркеуші арыз толтырып, құжаттары тексерілген соң 11 500 теңге баж төлейді. Әрмен қарай мемлекеттік номер мен техникалық паспорт беріледі.
Айдын Меркімбаев, қалалық ПД ӘП жанындағы процессинг орталығының бастығы:
- Мопедтердің тіркелу шарасы ауқымды жүріп жатыр Полиция департаменті бойынша. Тек қана VIN-код жоқ мопедтерге әкімшілік полиция бойынша арыз қабылданды. Ол кісілерге жеке VIN-код қойылады. Қалған мопедтерде ешқандай ақау жоқ.
Мопедтерді тіркеудегі мақсат – жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Полицияның мәліметінше, жыл басынан бері 5500-ден аса мопед иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 465 мопед айып тұрағына қойылыпты.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев.