Белгілі экономист Алмас Чукин Мәжілістің Салық кодексін талқылауға арналған жұмыс тобының отырысында салық реформасын кешіктіруге болмайтынын мәлім етті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлады.
Алмас Чукин салық кодексіне қазірден бастап өзгерістер жасамасақ, келер күніміз қиын болады деген пікірде. Яғни, бүгінгі күнмен өмір сүрмеу керек. Келер жылдардағы жағдайды тұрақтандырып, сенімді болашақ қалыптастыру үшін қолымызды қазірден сермеген жөн дейді сарапшы.
«Жаңа кодексте ұсынылғандарға келсек, мен оны қолдаймын. Теңестіру керек дегенді баяғыдан айтып жүрмін. Өйткені 5 жылдан кейін бүкіл болжамдар бойынша күйреуге жетеміз. Әлеуметтік-қаржылық схемада толықтай тоқырау болады. Сондықтан қазірден бастап түзету керек. Тіпті қазір көріп отырған салық түсімін есептегеннің өзінде шығыс пен кірістің теңгерімін 10 трлн теңгеге дейін ажыратуға болмайды», — деді ол.
Оның айтуынша, ұсынылып отырған жаңа кодексті әлі жетілдірмесе, реформа бюджет тапшылығы мәселесін шеше алмауы да мүмкін.
«Салықтан 3-4 трлн теңге ғана жинауды көздеп отыр. Мемлекеттік борыштың өсімі жалғасатын түрі бар. Бюджет тапшылығы да сақталады. Яғни, 10 трлн тапшылықтың 5-6 трлн теңгесі жабылмай қалайын деп тұр. Сонда қарыздарды жабу да жоспарда жоқ. Әзірге жалпы ішкі өнімді екі есе арттыру қолымыздан соншалық бір келіп жатқан жоқ. Ал қарыздарды үш жылдың ішінде екі есе арттыру қолымыздан келген. Әр үш жыл сайын мемлекет борышының көлемі 2 есе өсіп келеді», — деді сарапшы.