Анасы 3-қабаттан құлап қайтыс болған 7 бала баспаналы болды. Бұл оқиға туралы журналист Гүлмира Әбікей бөлісті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналист Ораза – тек өзін тежейтін мезгіл ғана емес, мейірімділік пен қайырымдылықтың көрініс табатын уақыты екенін айтты. Бұл қасиетті айда тағы бір жүрекке жылу сыйлайтын игі іс жүзеге асты.
Оған екі апта бұрын кенеттен панасыз қалған 7 бала көмек сұрап, хабарласқан.
Екі апта бұрын жеті бала аяқ астынан баспанасыз қалды. Анасы белгісіз жағдайда 3-ші қабаттан секіріп, өмірден өтті. Әкесі бұл оқиғаға байланысты күдікке ілініп, қамауға алынды. Осылайша, үлкені 20 жаста, ал кенжесі 2 жаста ғана болған жеті бала тағдырдың ауыр сынына тап болды. Кәмелетке толмаған бес бала мемлекет қамқорлығына өтті.
Оқиға әлеуметтік желіде жарияланған сәттен-ақ халықтың жанашырлығы байқалды. Бар-жоғы екі тәулікте қажетті қаражат жиналып, Шымкент қаласының орталығынан үш бөлмелі пәтер сатып алынды. Пәтер үлкен әпкесінің атына рәсімделіп, бес бауырын қанатының астына алуына мүмкіндік туды, — деді Гүлмира Әбікей.
Жаңа баспана жайлы ауданда орналасқан, жанында алты мектеп пен төрт балабақша бар. Бұл балалардың білім алуына және қалыпты өмірге бейімделуіне еш кедергі болмайды. Сонымен қатар, Шымкент білім басқармасы олардың мектепке, балабақшаға орналасуын жіті назарда ұстап отыр. Балалар 40-тан астам үйірмеге тегін қатыса алады.
Отбасының үлкен қыздары бала кезінен еңбекке араласқан, бірі даяшы, екіншісі тігінші болып жұмыс істейді. Жомарт жандар да қол ұшын созды. Жандос есімді азамат отбасының жаңа үйге көшуіне көмектесіп, бір жыл бойы электрлік және сантехникалық қызметтерді тегін көрсетуді ұсынды. Сондай-ақ қайырымды оқырмандар балаларды қажетті киім-кешекпен толықтай қамтамасыз етті.
Осылайша, тағы бір сауапты іс жүзеге асты. Бұл – халықтың бірлігі мен жанашырлығының арқасында мүмкін болған ізгі қадам. Жетім көрсе, жебей жүретін халқымыздың мейірімділігі тағы бір мәрте дәлелденді. Қайырымды жандарға мың алғыс! Ана баладан, бала анадан ажырамасын! Осы жеті баланы анасының рухы желеп-жебеп жүрсін деп тілейміз, — деп жазды журналист.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Гульмира Абыкай (@gulmir_ktk)