Current Date: 21-03-2025

Суды көп пайдаланатындарға тариф қымбаттады

0:00:00

0:00:00

Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!

Елімізде суды үнемдеу тетіктері заңда жазылады. Сенаттың қарауына түскен су кодексі жаңа су қорларын анықтауға емес, бұрынғыларын қорғауға негізделген. Бұл құжат Президент тапсырмасына сай әзірленіп жатыр. Өзен көлдердің, су қоймаларының гидротехникалық құрылыстардың жағдайынан бастап, әр үйге келетін ауыз суға дейін осы кодекс арқылы реттеледі. Оңғар Алпысбайұлы толықтырып айтады.

Ауыз судың тапшылығы жыл санап арта беретіні айтылып жүр. Әсіресе Орталық Азияда мәселе өзекті. Қазақстанда бұл мәселені шешуді бастап кетті. Соның бірі тариф.

Бір адамға айына 3 текше метр су базалық тарифпен сатылады. Одан сәл асыра пайдаланғандарға 20 пайыз қымбаттайды. 5 пен 10 текше метр арасындағы су базалық бағадан 50 пайыз қымбат болады. Ал бір адам айына 10 текше метрден артық су пайдаланса базалық бағадан 2 есе қымбат төлеу керек болады. Есептеу құрылғысы жоқтар да қымбат төлеулеріне тура келеді.

Нұржан Нұржігітов, ҚР су ресурстары және ирригация министрі:

Қазіргі талдау көрсетіп жатыр айына бүгінгі күні сол облыстарда 9 облыс енгізілген. Айына 1 млн 600 мың текше метрге дейін су үнемделді. Қосымша 800 мыңға дейін қосымша қаражат түсті. Ол енді инвестицияға, су жүйесін қалпына келтіруге жұмсауға мүмкіндік алды.

Мемлекеттік органдардың міндеті қайта бөлінді

Қазақстандағы өндіріс орындары жылына 6 млрд текше метр су пайдаланады. Соның 800 миллионы яғни 12 пайызы ғана суды қайта тазартып пайдаланады. Министр 2030 жылға дейін екінші мәрте пайдаланылатын судың үлесін 30 пайызға жеткіземіз деп отыр. Жалпы, соңғы жылдардағы оқиғалар, соның ішінде былтырғы су тасқыны су ресурстарын басқару жүйесін реформалаудың маңыздылығын тағы да дәлелдеді. Құжат аясында су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспары әзірленеді. Әр мемлекеттік органның міндеті белгіленеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Суды пайдалану талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, осы саладағы рұқсат беру ережелері және кейбір мемлекеттік органдардың өкілеттіктері нақтыланды. Жалпы, жаңа кодекс су ресурстарын тиімді пайдалануға сондай-ақ жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізуге мүмкіндік береді деп сенеміз.

Су шаруашылығын цифрландыру үшін Ұлттық ақпараттық жүйе құрылмақ. Ал гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қатаң тексерулер ұйымдастырылып, қауіпсіздік стандарттары бекітіледі. Құжатты талқылау кезінде Сенат депутаттары тарапынан да бірнеше ұсыныс енгізіліп, заң жобасы мәжіліске кері қайтарылды.

Оңғар Алпысбайұлы