Еуроодақ АҚШ Президенті Дональд Трамп енгізген баж салығына қарымта тариф енгізуді сәуірге қалдырды. Рейтер агенттігі осылай деп хабарлады.
Одақ елдері Американың қандай тауарларына салық енгізетінін тағы бір байқап көреді. Бірақ Еуропа баж салығын көтеретін болса, Америка Құрама Штаттары аймақтан келетін өнімдерге 200% салық салатынын ескертті.
Еске салайық, 12 наурызда АҚШ Еуропадан келетін болат пен алюминийге 25% баж салығын енгізді. Бұл ЕО экспортының шамамен 5%-і. Америка 2 сәуірде тағы қосымша тариф іске қосуды жоспарлап отыр.
Марош Шефчович, сауда және экономикалық қауіпсіздік жөніндегі еурокомиссар:
- 2 сәуірде АҚШ енгізетін шектеулерді ескере отырып, өз тарапымыздан тиімді тәсіл қарастыруымыз керек. Өзара тарифтен басқа АҚШ мыс, ағаш сияқты кей өнімдерге қатысты тергеуді бастап кетті. Мұнан бөлек, олар кеме құрастыру бойынша Еуроодақтың теңіз көлігі компаниялары үшін де кері әсер ететін шараларды қарастырып жатыр. Сол себепті біз осы жағдайдың барлығын мұқият бақылап отырмыз. Өзгеріс бола қалса, шұғыл әрекет етуге дайынбыз.