Current Date: 21-03-2025

99 жастағы ардагер Жеңіс күнін қарсы алуға дайындалып жатыр

Алматылық 99 жастағы ардагер Леонид Подколзин Жеңіс күнін қарсы алуға дайындалып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Ол 17 жасында майданға өз еркімен аттанып, Польшада соғысып, Жеңісті Шығыс Пруссияда қарсы алды. Бүгінде соғысты сирек еске алады, бірақ ауыр күндердің естелігін оның өлеңдерінен көруге болады.

Леонид Никитович Новосібір облысының тумасы, 17 жасында майданға өз еркімен аттанған ол 2-ші Беларусь майданында 101-ші гвардиялық полк құрамында соғысқан. Артиллерист болған ол жауды отпен жойып, шабуылды үдетеді. Жеңісті қазіргі Ушаково, бұрынғы Бранденбургте қарсы алады.

Леонид Подколзин, соғыс ардагері:

- Немістер қоршауға алды, жол бермеді. Біз барлап жүріп, 20 неміс танкісі тұрғанын анықтадық. Түнде білдірмей барып, жарылғыш зат қойдық. Біздің шабуыл басталғанда сол 20 танкіні жарып жібердік. Міне, осылай соғысты Бранденбургте аяқтадық.

Соғыстан кейін Леонид Подколзин сержант атағын алды. Оны жаңадан қабылданған жауынгерлерге артиллерия ісіне үйрету үшін Кенигсбергке жібереді. 1952 жылы ол Алматыға қоныс аударып, өмірін отбасына және жұмысына арнайды.

Людмила Хлопкова, Леонид Подколзиннің қызы:

- Ол автоколоннаға жүргізуші болып жұмысқа орналасып, оқуын жалғастырды, себебі 10-сыныпты аяқтап үлгермеген еді. Кешкі мектепте 10-сыныпты бітіріп, техникумға түсті. Кейін оны автоколонна бастығы етіп тағайындады, ал соңғы жылдары шеберхана меңгерушісі болып жұмыс істеді.

Алматы депосының шеберханасында жұмыс істей жүріп, Леонид Подколзин шығармашылыққа ден қояды. Жанды жаралаған сұрапыл соғыс ақ қағазға өлең болып өрілді. Былтыр ол «Әкелер дауысы» атты жинағын шығарды. Онда өткен күндер туралы естеліктер, өмір, махаббат пен айырылысу жайлы толғаныстар бар.

Бүгінде Леонид Подколзиннің үш немересі мен төрт шөбересі бар. Ұрпағы оның ерлігімен мақтанады. Батырлығы үшін ардагер II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жуков және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Абен Нарымбаев