Әз-Наурыз мерекесінде Таразда ерекше киіз үйлер тігілді. Киіз үй ішінде дастарқан жайып қана қоймай, әр шаңыраққа атау беріліп, ата-бабамыз тұтынған тұрмыстық бұйымдар қойылды. Жергілікті өнер ұжымдары театрландырылған қойылым сахналап , ән мен биден шашу шашты. Одан бөлек, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп жатыр.
Мерей Бает, тілші:
- Иә, тараздықтар мерекені тойлауға жиналды. Жұрт әлі де алаңға ағылып келіп жатыр. Мерекелік шара қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды. Сағат 11-лер шамасында «Құс қанатындағы Наурыз» концерттік бағдарламасымен басталды. Көпшілікке сахнадан театрландырылған композиция ұсынылып, дәстүрлі ән мен биден шашу шашылды. Айта кетерлігі, жұрттың көпшілігі ұлттық киімдерін киіп келген. Мерекелік атмосфера сезіледі, көңіл күйлері де керемет.
Бибігүл Оразбаева, қала тұрғыны:
- Көрсін, білсін біздің осы Наурызымыздың қалай тойланып жатқанын. Ол құр әшейін ән салу емес. Жаңа көріп келе жатырмыз. Асық атып жатыр, арқан тартып жатыр. Сол бүкіл қазақтың ұлттық дәстүрлерін қазір кішкентайынан көрсе, естерінде қалып, ертеңгі күні осы біздің болашақ Жаңа Қазақстанымыздың ұрпақтары ғой бұлар. Солар дәріптеп, ары қарай жалғастырса, құба-құп дейміз.
Ханымкүл Бесінбай, қала тұрғыны:
- Көңіл күйіміз тамаша. Мереке құтты болсын. Наурыз жылдан-жылға өстіп көркейе берейік. Осындай ұлттық нақыштағы киіз үйіміз бар, өзіміздің мына үстімізге киіп алған киіміміз осындай үлкен тойларда, халықтық мерекеде кимесек, қай уақытта киеміз деп, мінекей, киіп шықтық. Қуаныштымыз.
Жалпы биылғы Наурыздың ерекшелігі Орталық алаңға қазақы салт-дәстүрге негізделген 15 киіз үй тігілді. Ерекшелігі, оларға атауына қарай түрлі жәдігерлер қойылған. Мысалы, мына отау «Ұлы дала үні» деп аталыпты. Кіріп көрейікші. Көріп тұрғанымыздай, мұнда қазақтың музыкалық аспаптары қойылған екен. Міне, домбыраның бір емес бірнеше түрі бар. Одан соң жетіген, дауылпаз, сырнай сынды 20-дан аса ұлттық аспап бар.
Жарпы мерекеде ұлттық спорт түрлері де ұлықталып жатыр. Жанымыздағы Қайрат Рысқұлбеков саябағында толықтай ұлттық спорт түрері қамтылған. Садақ ату, арқан тарту, асық ату, қол күрес пен тоғызқұмалақтан тұрғындар арасында жарыстар ұйымдастырылған. Жамбылдағы наурыз тойы осылай өтіп жатыр.