Шымкенттіктер ынтымақ күнін сән-салтанатымен қарсы алды, деп хабарлайды 24kz.
Онкүндік Наурызнама аясында этноауыл тұрғызылып, қазақы үйлер тігілді. Қолөнершілер көрмесінде жөн-жоралғылар мен әдет-ғұрыптар қайта жаңғырды. Орталық алаңға ағылған тұрғындар бір-біріне игі тілек білдірді. Қазақ күресі, асық ату, арқан тарту сияқты сайыстарда бақ сынап, жүлделі орындарға таласты. Ал киіз үйлерде дастархан жайылып, наурыз көже, бауырсақ ұсынылды. Бағалы бұйымдар, ағаштан жасалған тұрмыстық заттар саудаланды. Наурыз тойын мерекелеу аясында балалар да ұмыт қалған жоқ. Олар цирк әртістерінің өнерін тамашалады.
Райхан Сапарқызы, қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы директорының орынбасары:
- Тұсау кесер, бесікке салу, қолөнер бұйымдарының жасалу жолдары және тұрмыс-тіршілікке байланысты күбі пісу, тапа нан жабу, диірмен тарту және құрақшыларымыздың кеңінен құрақ жайып, құрақ құрауы, жүн түту, ұршық иіру үлкен дәрежеде ұмыт болған дәстүрлеріміз көрсетіліп жатыр.