Current Date: 22-03-2025

Алатаудағы Наурыз думаны

Алатау қаласының жұртшылығы ақшаңқан үйлер тігіп, аспан көгіне ән-жырын қалықтатып, Наурыз мерекесін алғаш рет атап өтті. Көңіл серпілткен мерекеге шамамен 5000 тұрғын мен қонақ қатысты. Бұл шара алатаулықтар үшін жарқын әрі ерекше оқиғаға айналды.

Қаланың ауқымдылығын ескере отырып, мерекелік іс-шаралар бірден екі шағын ауданда – Ынтымақ пен Жетігенде қатар ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат – әрбір тұрғынның осы шуақты мерекенің атмосферасын сезінуі­не мүмкіндік беру. Әр шағын ауданда киіз үйлер тігіліп, келген қонақ­тарға дәстүрлі тағамдар тегін ұсы­нылды.

Мерекелік көңіл күйді танымал әртістер мен жергілікті шығар­ма­шылық ұжымдардың өнер көрсетулері толық­тырды. Сахнада 5 музыкалық ансамбль, 5 жеке орындаушы, 3 би тобы, сондай-ақ дәстүрлі қазақ күйлерін орындаған 150 домбырашыдан құралған ансамбль өнер көрсетті. Қонақтар халық музыкасы мен билерді тамашалап, жастар үшін арнайы ұйым­дастырылған 7 спорттық жарыс пен 4 дәстүрлі қолөнер шеберлік дәрісіне қатысты.

Мерекенің маңызды бөлігі ретінде қазақ халқының бай мәдени мұрасын айшықтайтын дәстүрлі рәсімдер ұсынылды. Ұлтымыздың ұрпағына мирас болған тұсаукесер, бесікке салу, қыз ұзату, басқа да ұлттық бояуы қанық рәсімдер ақ бата, ән-күймен өрнектелді.

Мерекенің ең әсерлі оқиғаларының бірі дәстүрлі қазақ ойыны – «Қой көтеру» болды. Бұл сайыста 20 күш иесі шыдамдылық пен төзімділікте сыналды. Жеңімпаз 45 килолық қошқарды 3 минут 18 секунд бойы көтеріп тұрды.

Жаңа жылымен жұртшылықты Алатау қаласының әкімі Әркен Утенов құттықтады. «Қаламызда алғаш рет ұйымдастырылған Наурыз мерекесі бірлік пен достықтың символына айналды. Көктемгі жаңару әр үйге бейбітшілік, бақыт және амандық әкелсін», деген ізгі лебізін білдірді.

Наурыз қарсаңында қалада ауқым­ды сенбілік ұйымдастырылып, оған 1000-нан астам тұрғын белсенді қа­тыс­қан болатын. Бірлескен күш-жігер­дің арқасында жалпы ауданы 25 гектар аумақ қоқыстан тазартылып, көр­кей­тілді.

Алматы облысы,

Алатау қаласы