Current Date: 14-03-2025

Әбиба Әбужақынова Австрия гран-приіне қатысады

ММА Азия ойындарының бағдарламасына енді. 2026 жылы Жапонияда өтетін кешенді жарыста аралас жекпе-жек түрі болады. Бұл туралы Азияның олимпиадалық кеңесі мәлімдеді. ММА бәсекелері екі стиль бойынша өтеді – заманауи және дәстүрлі. Бас-аяғы 6 салмақта медальдар сарапқа салынады.

Қызылордада каратэден ел үздіктері анықталды

Ел үздіктері анықталды. Қызылорда қаласына каратэден жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтті. Ішкі біріншілікке 600-ге жуық спортшы қатысты. Бұл — өзіндік рекорд. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өрендер жапон жекпе-жегінің ката және кумите бағыттары бойынша сынға түсті. Бас-аяғы 44 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Шымкент қаласының құрамасы топ бастады. Олар 9 алтын, 11 күміс және 11 қола жеңіп алды. Үздік үштікті Маңғыстау және Жамбыл облысының командалары түйіндеді. Бір қызығы дәл осы жарыста жеңіс тұғырына көтерілген ағайынды спортшылар көп болды. Мәселен жамбылдық Нұрсейіт Алмат пен Нұрсейіт Нұрасыл өз салмақ дәрежелерінде чемпион атанды. Дәл осылай алматылық Мұрат Дамитов пен Тимур Дамитов, ақмолалық Максим Москвичев пен Кирилл Москвичев, алматылық Арлан Мұрат мен Арнұр Мұрат үздік үштікке ілігіп, жүлдегерлер қатарынан табылды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге рейтингтік ұпайлар берілді.

Бас бапкер «Странджа кубогін» қорытындылады

Даниял мен Серік қарсыластарынан басым түскен еді. Бірақ төрешілер жеңісті бермеді. Бокстан Болгарияда өткен халықаралық турнирге қатысты бас бапкер Қайрат Сәтжанов осындай пікір білдірді. Айта кетейік, жуырда ғана Болгарияның София қаласында бокстан «Станджа Кубогы» ұйымдастырылып, біздің жігіттер 5 алтын, 9 күміс және 4 қола жеңіп алды. Соның арқасында жалпы командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Десе де бас бапкер кейбір салмақтарда боксшыларымыздың белсенділігне қарамастан, жеңістің қарсы тарапқа кеткенін алға тартады. «Мәселен 51 келідегі Даниял Сәбит финалда түркиялық Самет Гумушпен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша қарсыласынан басым түскен еді. Алайда төрешілер жеңісті түркиялық спортшыға сыйлады. Сондай-ақ дәл осындай жағдай 60 келі салмақта да қайталанды. Яғни Серік Теміржанов жергілікті болгар боксшысы Радослав Росеновпен кездесіп, күміс жүлдегер атанды», — дейді Қайрат Сәтжанов olympic.kz сайтына берген сұхбатында. Басқа салмақтардағы жігіттердің қарым-қабілетіне көңілі толатыны айтты. Әсіресе, Төрехан Сабырхан, Тимур Нұрсейітов, Ертуған Зейнуллинов, Мұхаммедсабыр Базабайұлы, Абылайхан Жүсіпов және Бекзат Нұрдәулетовтер үмітті ақтады. Ал жарақат алған Санжар Тәшкенбай мен Сағындық Тоғамбай жақын арада қайтадан қатарға қосылатынын айта кетті.

Әбиба Әбужақынова Австрия гран-приіне қатысады

Әбиба Австрия гран-приіне қатысады. Ертең кәрі құрлықтың Линц қаласында дзюдодан әлемдік аламан басталады. Оған 52 елден 500-ге жуық жапон жекпе-жегінің шеберлері жиналды. Араларында Әбиба Әбужақынова бастаған ұлттық құрама өкілдері де бар. Еліміз атынан бас-аяғы 16 дзюдошы күреседі. Әбиба үшін бұл 2025 жылдағы алғашқы жарыс болмақ. Әйелдер арасында Әбибадан бөлек, Толғанай Әбеуова, Дана Әбдірова, Самалай Ерғалиева және Ақерке Рамазанова жарысқа араласады. Ерлер арсында ұлттық құраманың үздіктері Данияр Шамшаев, Мейірлан Максим, Нұрлыхан Шархан сияқты спортшылар бақ сынайды. Жарыстың өзі 7-8 наурыз күндері өтеді. Айта кетейік, Қазақстан дзюдошылары жыл басынан бері 2 жарысқа қатысып, әрқайсысынан бір-бір қола медальдан иеленді. Яғни Баку Grand Slam-де Ерасыл Қажыбаев, ал Ташкент Grand Slam-де Абылайхан Жұбаназар жеңіс тұғырына көтерілді.