Current Date: 23-03-2025

Көкшетауда арулар шеруі өтті. LIVE

Наурыз мерекесіне орай Көкшетау қаласында да ерекше форматтағы іс-шара “Ақ кимешек” арулар шеруі ұйымдастырылды.

Аталмыш шараға 2 мыңға жуық қыз-келіншек қатысып, ұлттық киіммен қаланың басты көшелерімен жүріп өтті. Бұл ауқымды шеру Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енді. Сондай-ақ, Көкшетаудың орталық алаңында «Сән-салтанатты әз-Наурыз!» атты кең көлемдегі мерекелік шара ұйымдастырылды. Онда өңір өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер сахналанды.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Иә, орталық алаңда мерекені тойлауға жиналған халықтың да көңіл-күйі көтеріңкі. Күнде жылынып, жадырап тұр. Енді жоғарыда айтып өткендей, бүгінгі шараның басты ерекшелігінің бірі “Ақ кимешек” шеруі болды. Жалпы, кимешек тазалықтың нышаны саналады. Сондықтан шеруге қатысушылардың басты мақсаты ұлттық киімді ұлықтап, жастарға насихаттау. Шараға ақ жаулықты әжелерден бастап, көпбалалы аналар, сан-салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты Тіпті, олардың арасында жасы 90-ға жеткен апамызда бар.

Мәртай Махметқызы, қала тұрғыны:

- Ұлық оң болсын, ақ мол болсын! Наурызымыз құтты болсын. Аспанымыз ашық болсын. Отанымыз тиыш болсын. Жастарымыз өркендеп өсе берсін.

Марал Жақыпова, қала тұрғыны:

- Наурызымыз құтты болсын.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Ал енді орталық алаңдағы шараға ойыссақ. Дәл қазір біз тұрған Абылай хан алаңындағы мерекелік концерт өтіп жатыр. Мұнда жиналған халықтың қарасы қалың. Алдымен келген тұрғындарға театрландырылған қойылым ұсынылды. Сал, серілердің әндері шырқалып, жиналғандардың делебесін қоздырды. Көріп тұрғандарыңыздай, орталық алаңға қаз-қатар киіз үйлер тігілген. Онда қазақтың салт-дәстүрлері көрсетіліп, насихатталып жатыр. Тіпті бір киіз “интерактивті музей” ретінде жасалған. Мұнда Ұлыстың ұлы күніне байланысты қызықты деректерді біліп, Наурыз мерекесімен тереңірек танысуға болады.

Айгүл Сәбитова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы

- Тәуелсіздік, Абылай хан алаңында көптеген мерекелік концерттер ұйымдастырылып жатыр. Спорттық шаралар даболып жатыр. Енді көптеген киіз үйлер. Ол жерде көрмелер мен концерттік бағдарламар ұйымдастырылды.

Абзал Азаматұлы, тілші:

- Бұдан бөлек орталық саябақта «Қымыз Party» акция ұйымдастырылған. Онда жастар ұлттық сусынның пайдасы мен артықтышылығын жиналған жұртқа түсіндіріп жатыр. Ал тәуелсіздік алаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтуде. Қазақша күрес, арқан тартыс ойындары шараның көркін қыздырып жатыр. Ал мына мерекелік концертте жергілікті өнерпаздардан бөлек, есімі елге белгілі әншілерде өнер көрсетеді. Концерт кешке дейін жалғасады, дейді ұйымдастырушылар. Сондай-ақ Наурыз мерекесіне орай өңірде бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды. Мәселен, облыс орталығында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылса, Зеренді ауданында алғаш рет өнер орталығы пайдалануға берілді. Осылайша аймақта көрісу күні басталған шаралар легі, ертең экологиялық шаралармен түйінделеді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко