Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны аясында «Almaty clean & green» атты ауқымды тазалық және көгалдандыру акциясы өтті. Шара аясында қала тұрғындары көшелерді, қоғамдық орындарды, саябақтарды, скверлерді және өзен жағалауларын тазалау жұмыстарына белсенді қатысты. Сонымен қатар сенбілік барысында ағаштар мен бұталар отырғызылды.
Акцияға Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, мәслихат депутаттары, мәдениет қайраткерлері, спортшылар, жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері, экобелсенділер және қала тұрғындары қатысты.
Тазару күнінде өткен экологиялық акцияға 50 мыңнан астам тұрғын, 1 200-ге жуық коммуналдық қызметкерлер қатысып, 350-ден астам арнайы техника жұмылдырылды. Ауқымды тазалық жұмыстары барысында саябақтар, гүлзарлар, аулалар және демалыс орындары тазартылып, 8 мың текше метрден астам қоқыс жиналып, қала әкімдігі тарапынан арнайы полигонға шығарылды.
Сондай-ақ алма, алмұрт, шегіршін, қараған, үйеңкі және шаған сынды 10 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған.