Абай облысы Үржар ауданының жастары мектеп формасының орнына ұлттық киім
киіп, ұялы телефонның орнына ұлттық ойындарды ойнауды дәстүрге айналдырған. Үржардағы Ілияс Жансүгіров атындағы білім ошағы екі жылдан бері қазақтың салт-дәстүрлерін біліммен ұштастырып келеді. Мектеп оқушылары бос уақыттарында асық ату, тоғызқұмалақ, бес тас сынды ұлттық ойындарға қызығушылық танытады. Сонымен қатар, үзіліс кезінде домбыра тартып, қара жорға биін билейді.
Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте таңғы жаттығу осылай қара жорға билеуден басталады. Білім ошағының әр бұрышында ұлттық ойындардың түр–түрін ойнауға жағдай жасалған. Мектеп оқушылары мен ұстаздар үнемі ұлттық нақышта киініп жүреді.
Мөлдір Қабдыханова, 8-сынып оқушысы:
- Ұлттық киімдеріміз үстімізде киіп тұрған. Олар әр сыныпта әр түрлі. Мысалы бізде осындай жасыл түсте. Кейібір сыныптарда этнокарсеттер киеді. Ол өте дұрыс деп ойлаймын. Өте әдемі.
4-сынып оқушысы Хақназар бейнелеу өнеріне кәсіби түрде ден қойған. Жас таланттың туындылары көздің жауын алады. Ол шабыт түнде келген сәтте де оянып, сурет салуға кірісетінін айтады. Мектеп ұжымы бүгінде балалардың білімге құштарлығы артып, тәрбиелері жақсарғанын атап өтуде. Соңғы екі жылда мектепте тәртіп бұзушылықтар азайып, оқушылардың шығармашылық қабілеттері айқындала түскен.
Хақназар Бейбітұлы, 4-сынып оқушысы:
- Шабыт мысалы түнгі сағат бірде, екіде, бесте келеді. Оянамын да сурет сала беремін. Тақырыптар мысалы жануарлар,орман, табиғат деп айтуға болады.
Биыл мектепте «Адалдық дүкені» ашылды. Бұл дүкенде оқушыларға қажетті заттар қойылған, алайда сатушы жоқ. Оқушылар өздеріне керек заттарды алып, ақшаны арнайы кассалық жәшікке салып есеп айырысады. Ұстаздар адалдық, шыншылдық, өтірік айтпау секілді қасиеттерді бала бойына ерте жастан сіңірудің маңыздылығын атап өтуде. Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеудің пайдасы зор екеніне көз жеткізгендерін айтады.
Әлия Ахметова, мектеп директоры:
- Пайдасын көріп жатырмыз. Бұл жерде ең бастысы тәртіп бұзушылық, буллинг, кибербуллинг, лудоманияға біздің оқушылардың қатысы жоқ. Ең бастысы осы мәселені шештік деп ойлаймыз. Өйткені балаларымыздың уақыты тиімді өтіп жатқандықтан ондай жаман нәрседен аулық болып жүреді.
Ілияс Жансүгіров мектебі өз әдістемелерін әріптестеріне тарата бастаған. Бүгінде Үржардағы бірнеше білім ордасы ұлттық бағытта білім мен тәрбие беруге көшуді жоспарлап отыр.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы