Ұйқы безі қатерлі ісігі — емделуі қиын қатерлі ісіктердің бірі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап .
Бұл ауру ұзақ уақыт бойы сездірмеуі мүмкін және кеш анықталады. Алматы онкологиялық орталығының онкохирургі Ғалым Сармаштың айтуынша, ұйқы безі — инсулин мен ас қорыту ферменттерін өндіруге жауапты маңызды орган. Ондағы ісік әртүрлі функцияларға жауап беретін жасушалардан дамиды, бірақ 90% жағдайда бұл бездің түтіктеріне әсер ететін аденокарциномаға байланысты болады.
Ұйқы безі қатерлі ісігінің даму қаупін арттыратын бірқатар фактор бар.
"Ұйқы безі қатерлі ісігінің қауіпті факторларының ішінде ең маңыздыларының бірі — темекі шегу, сондай-ақ, алкогольді мөлшерден тыс пайдалану. Қант диабетімен ауыратын науқастарда, әсіресе, екінші типте қатерлі ісік қаупі айтарлықтай жоғары. Көбіне ауру 60 жастан асқан адамдарда анықталады. Сонымен қатар, диетаның маңызы зор, майлы, қуырылған және өңделген тағамдарды мөлшерден тыс пайдалану онкологиялық процестердің пайда болу қаупін арттырады", — деді Ғалым Сармаш.
Ұйқы безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілері ісік айтарлықтай мөлшерге жеткенде немесе көрші органдарға таралғанда пайда болады.
Аурудың негізгі белгілері:
- іштің жоғары бөлігіндегі немесе арқадағы ауырсыну, әсіресе, түнде немесе тамақтанғаннан кейін күшейеді;
- тәбет болмауы;
- жүрек айнуы;
- күрт салмақ жоғалту; т.с.с.
"Қауіпті азайту үшін кез келген белгіге назар аударып, салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Есіңізде болсын, ерте анықталған ауруды емдеу де оңайырақ", — деді маман.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!