Қазақстан Алматы қаласында АҚШ-тың консулдық мекемесінің үй-жайларын салу жəне пайдалану үшін 49 жылға жер учаскесін жалға береді. Жер телімін жалдау ақысы 25,3 миллион АҚШ долларын құрайды, деп хабарлайды мәжілістің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Мәжіліс депутаттары Алматы қаласында АҚШ консулдық мекемесінің ғимаратын салу үшін АҚШ үкіметіне жер телімін жалға беру туралы Қазақстан-Америка үкіметаралық келісімін ратификациялады. Құжатқа 2024 жылдың 27 қыркүйегінде Нью-Йорк қаласында қол қойылған.
Шарттың ережелері жер учаскесін беру тәртібі мен шарттарын анықтайды. Оның ауданы – 70593 шаршы метр, жалдау мерзімі – 49 жыл. Жалдау ақысы 25,3 миллион АҚШ долларын құрайды және келісім енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде бірыңғай төлеммен төленетін болады", — делінген хабарламада.
Келісімге сәйкес АҚШ үкіметі жалдау ақысын қоспағанда, жер учаскесі мен консулдық ғимаратына салықтар мен басқа төлемдерді төлеуден босатылады. Бұл ретте ол консулдық ғимаратының құрылысына байланысты коммуналдық қызметтерді Қазақстанда қолданыстағы нормативтер мен тарифтерге сәйкес төлей отырып, ғимаратты күтіп-ұстауға және жөндеуге жұмсалған шығыстарды дербес төлеуге міндеттеледі.
Ғимаратты салу және жабдықтау үшін АҚШ-та өндірілген материалдарды, жабдықтар мен тауарларды пайдалана алатын АҚШ мердігері бас мердігер болады. Олар кедендік төлемдерден, импорт салықтарынан және рұқсат алу талаптарынан босатылады.