Current Date: 29-03-2025

Қорғаныс министрлігі өкілдері Қазақстан аумағынан табылған ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты пікір білдірді

Қазақстан аумағына құлаған ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты мәжіліс кулуарында бірден екі ведомствоның – қорғаныс және сыртқы істер вице-министрлері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

"Ұшқышсыз ұшатын аппараттарға қатысты жағдай барлық жауапты, құзырлы органдар тарапынан тексеріліп жатыр. Қорғаныс министрлігі де бұл тергеуден тыс қалған жоқ. Ол біздің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің құзырында. Тергеу қорытындысы бойынша қажет болған жағдайда қосымша ақпарат береміз", — деді Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев.

Ол Бөкейорда ауданында сынақ полигондары бар екенін еске салды.

"Тек ұрыс алаңы ғана емес, әуе кеңістігі де бар. Бәлкім оған техникалық ақау себеп болған шығар, немесе басқа нәрсе. Тергеу аяқталмайынша нақты бірнәрсе айту дұрыс емес деп ойлаймын", — деді ол.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин ұшу аппаратының кімге тиесілі және қайдан келгені белгілі болғаннан кейін Сыртқы істер министрлігі тиісті мәлімдеме жасайтынын айтты.

"Әрине, мәлімдеме болады. Бірақ бүгінгі таңда қайдан (ред. ескертпесі) және кімнің ұшқышсыз ұшу аппараты екені туралы ақпарат жоқ. Тергеу шаралары жүріп жатыр. Оның кімдікі, кім ұшырғаны туралы ақпарат түскен бойда нақты шешім қабылдаймыз", — деді ол.

Оны вице-министр Әлібек Қуантыров та қолдады.

"Батыс Қазақстан облысында тергеу жүріп жатыр. Техникалық мәселелер бар: ол қайдан келді, қайда құлады, кім өндірген. Құзырлы органдар, техникалық мамандар анықтасын. Сонда белгілі болады", — деді ол.