Current Date: 30-03-2025

Хиуадағы музейде Бекет атаның бөлмесі сақтаулы тұр

Қазақ үшін «Хиуа» деcе, Бекет ата еске түседі. Пір ата осы өзбек жеріндегі «Серғасы хан» медресесінде 7 жыл тәлім алған. Бұл орталықта тек дін ғана емес, медицина, астрономия, математика сияқты пәндер оқытылған.

Қазір «Ишанқала» тарихи кешенінде Бекет атаның арнаулы бұрышы мен ғұламаның көзі тірісінде тұрған бөлмесі сақтаулы тұр.

Бұл Бекет атаның бөлмесі. Хиуаға 14 жасында келген жеткіншек, осы жерде 7 жыл тұрып, Шерғазы хан медресесінде тәлім алады. Ұстазы Бақыржан баба – сол заманның көрнекті тұлғасы. Шәкіреттеріне медицина, астрономия, философия ілімдерін үйреткен.

Өктем Сатимов, «Ишанқала» музей-қорығының бөлім басшысы:

- Бекет ата жасынан білімге аса құштар болып өседі. Хиуаға аттанарда әкесі оған әуелі Шопан атаға барып, зиярат етуді тапсырыпты. Бекет Шопан атаға үш күн түнейді. Түсінде Хиуа шаһарындағы Бақыржан қажы деген ғұламадан дәріс алуды аян еткен деседі. Расымен солай болып шықты. Қазір бұл жер қазақ пен өзбек халықтарының өткені мен бүгінін жалғайтын көпір іспетті.

Серғазы хан Хиуада 1714-1728 жылдары билік құрған. Мына ғимарат сол кезде салынғандықтан, Серғазы хан медресесі деп аталып кеткен. Бұрышта Бекет Атаның жерасты мешіті мен зираты бейнеленген кілем ілініп тұр. Қазақстанда «әулие», «пір» ретінде құрметтелетін Бекет ата Хиуадан кейін елге келіп қызмет қылады.

Гүлшада Азимова, «Ишанқала» музей-қорығының қызметкері:

- Сол замандарда бұл медреседе көптеген елден балалар келіп оқыған. Қазақ даласынан Бекет ата, түрікменнен Махтункули Фраги, қарақалпақтан да бірнеше тарихи тұлға тәлім алған. Медреседе діннен бөлек, медицинаға ерекше басымдық берілген. Шәкірттер науқастарды шөппен емдеген. Медресе түлектері пайдалы өсімдіктерді ажырата білген.

Хиуа – ежелден мәдениеттің, ғылым мен өркениеттің орталығы. Астрономия, математика, химия ілімдері бойынша көптеген оқу орындары мен ірі ғылыми орталықтар осы шаһарда болған. Хиуа өзінің бай тарихымен әрі бірегей сәулетімен туристердің сүйікті орнына айналған.

Хиуа дегенде Бекет атаның еске түсетіні жайлы айтқандай болдық. Ал Ресейдің отарлау саясатына қарсы күрескен батырымыз Сырым Датұлының осы Хиуа қаласында дүниеден өткенін біреу білсе, біреу білмес. Батырдың қабірі Хиуадан 61 шақырым қашықтағы Гүрлен деген ауылда екен. Оны жергілікті жұрт ғайып ата деп атайды.

Авторы: Дулат Нуркин