Құрлық әскерлері «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты теңіз жаяу әскері бригадасының іріктеуден өткен 170-тен астам әскери қызметшісі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, елордадағы Қазақ елі алаңында өтетін шеруде Ақтау гарнизонында қызмет өткеріп жатқан офицерлер, сержанттар және мерзімді қызметтің 160 сарбазы салтанатты сап түземек.
«Парадқа қатысушылар жан-жақты мұқият іріктеуден өтті. Бұл біз үшін үлкен мәртебе және жауапкершілік. Өйткені, әскери шеру – бейбітшілік үшін өз жандарын құрбан еткен батырларға деген құрмет», деді теңіз жаяу әскері бригадасы командирінің жауынгерлік және дене шынықтыру даярлығы жөніндегі орынбасары майор Берік Алманиязов.
Айта кетейік, парадқа Қарулы күштердің барлық саласынан 4000-нан астам әскери қызметші, оның ішінде 200-ден аса әйел әскери қызметкер қатысады. Сондай-ақ, 200-ден астам әскери техника мен авиация шеруге қосылады.