Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай құтқарушылар "Шымбұлақты" бағындырды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі .
Ведомство мәліметіше, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешенінен шаңғымен және сноубордпен түсу бірегей күш сынағын тұрғындар арасында құтқарушылардың имиджін арттыру мақсатында Алматы қаласы ТЖ департаменті ұйымдастырған.
Челлендждің басты ерекшелігі — Алматының үш өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары салмағы 30 кг-нан асатын толық жауынгерлік экипировкамен күрделі түсуді еңсерді. Бұл сынақ қатысушылардың дене шынықтыру сынағы ғана емес, олардың төзімділігінің, ақыл-ойының және кәсібилігінің тамаша үлгісі де болды. Құтқарушылар тауда, суда және құрлықта орын алған кез келген төтенше жағдайлар кезінде адамдардың өмірін құтқаруға дайын екенін көрсетті. Сонымен қатар бұған дейін құтқарушылар 842 сатыдан тұратын «Медеу» биік таулы кешеніне баспалдақпен көтеріліп, бірегей сынақ өткізгенін атап өткен жөн.