Current Date: 14-03-2025

Су тасқынына дайындық: Биыл Ақтөбеде қар көп жауған

Ақтөбе облысында су тасқынының алдын алу екі айлығы жүргізіліп жатыр , деп жазады Egemen.kz.

Аталған шара шеңберінде қар шығару, арналарды тазарту, инертті материалдарды дайындау, жадынамалар тарату және басқа да жұмыстар атқарылып жатыр. Төтенше жағдайларда әрекет ету үшін 2 454 адам, 866 техника бірлігі және арнайы қайықтар дайындалған.

Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекеттің айтуынша қаладағы қарды шығаруға 310 жүк көлігі жұмылдырылып, 255 мың текше метр қар шығарылған. «Қазгидромет» облыстық филиалының директоры Айгүл Саймованың хабарлауынша, наурыздың 1-5 күндері Ақтөбе қаласында 13,6 мм қар түскен. 9 наурызға дейін қалада тағы қардың жаууы күтіліп отыр. Сондай-ақ Әйтеке би, Байғанин, Мәртөк, Мұғалжар, Ырғыз, Хромтау және басқа да аудандарда мөлшерден көп қар жауған.

«Қазсушар» облыстық филиалы директорының орынбасары Тимур Тлеуовтың мәліметінше, су қоймаларындағы жағдай әзірге тұрақты. 280 млн текше метрге дейін су жинайтын Қарғалы су қоймасында бүгінде 81 млн текше метр су бар. Ақтөбе су қоймасында 183 млн, ал Сазды су қоймасында 5 млн текше метр бос орын сақталған.

«Қардың көлемі өте көп, оны су тасқыны басталғанға дейін шығарып үлгеруіміз керек, оған өндірістік кәсіпорындардың техникаларын тартуымыз қажет. Мұздың еруін бақылау да маңызды. Жағдайды күнделікті бақылап, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдаймыз. Әрбір жауапты тұлға өз міндетін уақытылы орындау, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жауап береді», деп түйіндеді облыс әкімі.