Current Date: 31-03-2025

Е. Бөкетовтің 100 жылдығы АҚШ-та атап өтілді

АҚШ астанасында академик Евней Бөкетовтың 100 жылдығын атап өтті.

Джордж Вашингтон университетінің Бизнес мектебі қабырғасында арнайы ғылыми семинар ұйымдастырылып, ғалымның мұрасы таныстырылды. Шара аясында қоғам қайраткерлері сөз сөйлеп, жарқын естеліктерімен бөлісті. Металлургия, химия, тау кен өндірісіндегі еңбектеріне тоқталып, аударма пен әдебиет саласындағы жұмыстары қазақ және ағылшын тілінде көпке паш етілді. Кездесуге АҚШ-та білім алып, қызмет етіп жүрген Қарағанды Бөкетов университетінің түлектері қатысты. Америкалық профессорлар Бөкетовтың еңбек жолы студенттерге ұлағатты үлгі екенін атап өтті.

Ванэсса Пэрри, Джордж Вашингтон Университеті бизнес мектебінің деканы:

-Біздің университетіміз үшін Бөкетовтың еңбектерімен жақынырақ танысу зор мәртебе. Ғалымның өнертапқыштығы мен ғылымдағы жолы білім ордамыздың ұстанымына толықтай сай келеді. Ол дамудың басты жолы білім деп, оған терең көңіл бөліп, елі үшін аянбай еңбек еткен тұлға.

Азамат Дүйсембаев, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры:

- Жүзден астам патенттің иегері, оның ішінде Америка Құрама Штаттары, Канада, Германия сияқты мемлекеттерде бұл кісінің жаңалығы мойындалған. Ең негізгісі Қазақстанның Жамбылда мысалға Тараз қаласындағы фосфор зауытында, Жезқазған, Балқаш, Қарағанды, Теміртау металлургиялық зауыттарында бұл кісінің жаңалығы енгізілген. Одан кейін бүкілодақтық көлемде, Ресейдегі өндіріс ошақтарында бұл кісінің ұсынған жаңалықтары нақты қолданыс тауып, өндіріске тиімділік әкелген.