Current Date: 01-04-2025

Павлодар облысында қарт майдангерлерге құрмет көрсетіліп жатыр

Павлодар облысында Екінші дүниежүзілік соғыстың 6 ардагері қалды, деп хабарлайды 24KZ. Жеңістің 80 жылдығына орай оларға барынша сый-құрмет көрсетіліп жатыр. Соғыс жылдары өңірден 46 мың боздақ майданға аттанса, солардың жартысы ғана аман оралған.

Бүгінде жасы жүзге таяған Сергей Выжутович 18 жасында майданға аттанған. Соғыстың соңғы жылында шақыртылып, Екінші Беларусь майданына түсті. Кескілескен қанды шайқасқа қатысып, жеңісті жақындатуға үлес қосады. Бұл күндер ардагердің есінде мәңгі жатталып қалған.

Сергей Выжутович, соғыс ардагері:

- Осы полкпен бірге жорық шеруіне бекіндік. Шабуылдар, шайқастар көп болды. Балтық теңізінің солтүстік жағалауы бойымен алға жылжи бердік. Дивизиядағы 133-ші полкпен 3 мамырда Балтық теңізінің жағалауындағы Росток қаласына шықтық.

Сергей Выжутович жеңісті Польшада қарсы алған. Алайда оның әскери мансабы мұнымен аяқталған жоқ. Ол Маршал Рокоссовскийдің басқаруымен Құрлық әскерлерінің Солтүстік тобында қызмет етуді жалғастырады. Осылайша соғыстан кейін тағы 6,5 жыл әскери міндетін атқарады. Ал 1956 жылы демобилизациядан кейін туған жері Павлодарға оралып, азаматтық авиацияда қызметін жалғастырады. Ол әуе күштерінің ұшқыштарын даярлау бойынша ұшу мектебінде ұшақ механигі болып еңбек етеді.

Сергей Выжутович, соғыс ардагері:

- Мен авиатор болдым. Ұшақтардың радиотехникасы маған жақсы таныс еді. Сондықтан екі жылдық қосымша қызметке келісіп, артынан тағы екі жылға ұзарттым.

Сергей Николаевич Жеңіс мерекесін жыл сайын өз үйінде, туыстарының ортасында қарсы алады. Жасы ұлғайған ардагер бұрынғыдай мерекелік кештерге қатыса алмайды. Бірақ қарт майдангерді құттықтап келетіндер көп. Дәстүрге сай ардагерлердің терезесінің алдында оркестрдің сүйемелдеуімен әскери әндер шырқалады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков