Мьянма премьер-министрі Мин Аун Хлайн елдегі жойқын жер сілкінісіне байланысты елде ұлттық аза тұту күнін жариялады, деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Басылымның жазуынша, халық бір апта жер сілкінісінен қаза болғандарды аза тұтады.
"Қаза тапқан азаматтарды еске алу және одан келген зардаптарға байланысты 2025 жылғы 31 наурыз бен 6 сәуір аралығында жеті күндік ұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл күндері мемлекеттік ту төмен түсірілуі керек", — делінген мәлімдемесінде.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Мьянмада жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 7,7. Бұдан кейін магнитудасы – 6,4 болатын тағы бір жерасты дүмпуі тіркелген. Жер сілкінісі Таиланд астанасы Бангкокта да сезілген. Мьянмада төтенше жағдай жарияланды.