0:00:00
0:00:00Жаңалықтарды Telegram арнамыздан оқыңыз!
Ұлттық киноны қолдау орталығы биыл қаржыландыруға үміткер жобаларды іріктеу конкурсын жариялады. Былтырдан бері байқаудың ережелеріне біршама өзгеріс енген. Енді қатысушылар әуелден құжат жинауға бас қатырмайды. Себебі бірінші фильмнің сценариі қаралады. Шығармашылық жұмыстар атқарылғаннан соң, сараптама кеңесінің сұрыптауынан өткен жобалар ғана құжат жинауға кіріседі. Ал биыл қандай бағыттағы туындыларға басымдық беріледі?
Байқауға сценарийлерді қабылдау 13 наурызға дейін жалғасады. Биыл ғылыми жетістіктер, IT мамандар туралы, жалпы танымдық бағыттағы деректі фильмдерге басымдық беріледі. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, кішкентай көрерменнің жігерін жанып, намысын оятатын анимациялық мультфилімдер де қолдау таппақ. Бастысы талапқа сай, бас-аяғы бар, жүйелі жазылған жұмыс болса жеткілікті.
Әділет Омаров, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Кинемотографисттердің барлық ұсынысын ескердік. Олармен бірге отырып ережені талқыладық. Бұған дейін болмаған ерекшелік — егер қандайда бір қателікке бой алдырса оны түзетуге мүмкіндік берілмейтін. Бұл тұста біз орталық қарап қателік болса 3 күн уақыт береміз түзетуге. Қайтадан құжаттарын тапсыруға рұқсат берілді.
Сонымен қатар сараптама кеңесі әйел құқығы, бала қауіпсіздігі, заң мен тәртіп аясындағы сюжеттерді де сүзгіден өткізуге дайын. Отандық киноөндірістің арзан әзіл, жеңіл күлкіге толғаны мәлім. Сондықтан біздің «көкжәшік» жасөспірімдерге арналған тың жанрларға шөліркеп тұр, дейді кино мамандары.
Баубек Нөгербек, кинотанушы:
Енді фэнтези, детектив жанры бізде енді қадам басып келе жатыр. Сонымен бірге психологиялық триллер жанры игерілмеген. Осы жанр әлемдік деңгейде өте танымал. Көрермен осыны бізден күтеді, бірақ біз әлі күнге шейін соны жасай алмай келеміз.
Киножобаларды қаржыландыру — осы олқылықтың орнын толтыру. Бұған дейін ұлттық кино орталығының қолдауымен 117 туынды түсіріліпті. Оның 72-сі көркем, 37-деректі, 8-і анимациялық фильм. Үлкен экран арқылы көрерменге жол тартып, көпшіліктің көңілінен шыққандары да бар. Солардың бірі — Қанағат Мұстфиннің «Қажымұқаны»
Қанағат Мұстафин, режиссёр:
Қазіргі таңда Қазақстанда прокатта өтті. Енді Ресей Федерациясында, ТМД елдеріне өтіп жатыр. Қазір қор ашылғалы бері талай-талай жастардың аттары шығып жатыр. Көбісі дебюттер. Ондай 10-15 жыл бұрын ұйықтасаң да түсіңе кірмейтін нәрсе. Бұл деген — тамаша бастама, себебі, сенің жобаң, сценариің мықты болса, әділетті түрде, онлайн питчингке шығып, бүкіл әлем көреді оны, бүкіл ел көреді.
Конкурс ашық әрі әділ өтуі үшін питчинг, яғни жобаны қорғау онлайн трансляция арқылы көрсетіледі. Былтыр байқауға 500-ге жуық адам қатысқан. Биыл бақ сынаушылар саны бұдан да көп болуы бек мүмкін, дейді ұйымдастырушылар.
Ернұр Медет