Current Date: 02-04-2025

Павлодар облысында тазалық айлығы басталды

Павлодар облысында көктемгі тазалық айлығы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Биыл барлық абаттандыру жұмыстары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өтеді. Бір айға жалғасатын шара барысында өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Олардың қатарында саябақтарды тазалау, ағаш егу және басқа да табиғатты қорғауға арналған бастамалар бар.

Айта кетерлігі, акция аясында іске қосылған Telegram-бот облыс тұрғындары арасында ерекше сұранысқа ие бола бастады. Пайдаланушылар осы сервистің көмегімен тазалыққа қатысты ұсыныс-өтініштерін қалдырып, қажетті ақпараттармен бөлісе алады.

Мақсат Оралбеков, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы:

- Бұл Telegram-бот сервисі жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жүйелендіру үшін қажет. Елді мекендерді абаттандыру және тазарту жұмыстарын жүргізгенде қоқыс қалдықтарын дер кезінде шығаруға септігін тигізеді. Бүгінгі таңда телеграмм-бот қызметіне 179 өтініш түскен. Олардың бәрі өз шешімін тапты.