Current Date: 02-04-2025

“Жауап бере салу қиын ба”: Аудан әкімінің видеосы желіде талқыға түсті

Алматы облысы Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов түсірілген видео желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кадрлардан журналистің шенеуніктен сұраққа жауап беруін сұрағанын көруге болады. Алайда әкім жауап бермей, көлігіне мініп, кетіп қалады.

Желі қолданушылары әкімнің әрекетін сынап тастады. Олар «келіп, жауап бере салу қиын ба», «не деген менмендік», «біздің елде кез келген өңір әкімінен жауап алу қиын», деп жазды олар.

Белгілі болғандай, видео 22 наурыз күні Наурыз мерекесі тойланған кезде түсірілген. Іле ауданы әкімдігінің түсіндіруінше, Қайыржан Жақсыметов облыс әкімімен кездесуге асығып бара жатқан.

«22 наурыз күні Іле ауданында облыс әкімінің қатысуымен Наурыз мерекесі өтті. Кесте өте тығыз болды. Әкім асығып, түсірілім тобына сол жерде жауап бере алмады. Сол күні тіпті 5 минут бос уақыт болмады, себебі жұмыс кестесі тығыз еді», – деді Іле ауданы әкімінің орынбасары Қуат Ақшабаев.