Оқу-ағарту министрлігі өкілдері 2025-2026 оқу жылында балабақшадағы топтар қалай жасақталатынын айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Балалар қашанға дейін қабылданады?
Балалар 31 тамызға дейін қабылданады. Ал ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген өңірлерде 1 шілдеде басталады.
Бұл Тараз, Түркістан, Шымкент, Орал, Астана, Семей, Өскемен, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Қонаев, Қосшы, Талдықорған қалаларына, сондай-ақ, Байзақ, Сарыағаш, Жетісай, Сайрам, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарына қатысты.
Ваучер алу үшін не қажет?
- Келісімді 2 жұмыс күні ішінде растау керек. Ваучер расталмаған жағдайда өтініш есептелмейді, ал ата-ана немесе баланың заңды өкілі оны 28 күнтізбелік күн ішінде тек бір рет қайта қалпына келтіре алады.
- Балабақшаны таңдап, құжаттарды жинап, келісімшартты 5 жұмыс күні ішінде рәсімдеу қажет. Егер ваучерден бас тартса, кезек жойылады.
Айта кетейік, қалаған балабақшада бос орын болмаса, ата-ана баланы күту парағына тіркей алады. Бос орын пайда болған жағдайда жеке кабинетке жаңа хабарлама жіберіледі.
Қалған өңірлер бойынша
Қалған өңірлерде жас ерекшеліктері бойынша топтарды жасақтау 1 тамызда басталады. Бос орын туралы хабарламалар алдымен кезекте тұрғандарға жіберіледі.
Ата-анаға жолдаманы растауға немесе одан бас тартуға 2 күн беріледі. Егер жолдама расталса, 5 жұмыс күні ішінде құжаттарды тапсырып, келісімшарт жасайды. Қажет болған жағдайда жолдаманы 30 күнтізбелік күнге дейін бір рет ұзартуға болады.
Құжаттар толық ұсынылмаса, мерзімі өтіп кеткен болса немесе екпе алмаған балалар саны рұқсат етілген мөлшерден асып кетсе, балабақша құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы. Құжаттарды алдын ала тексеріп, жеке кабинеттегі хабарламаларды қадағалап отыру қажет.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!