Current Date: 09-06-2025

Алматыда кран құлап, бір адам қаза тапты: марқұмның туыстары әділдікті талап етті

Алматыда Сәтбаев көшесіндегі құрылыс алаңында кран құлап, бір адам қаза тапты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі .

Алматы Полиция департаменті мәліметінше, бұл оқиға 3 маусымда сағат 16:00-де болған, осы жайт бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Марқұм – техника кабинасында болған кран жүргізушісі, 61 жастағы Жұмабек Қалдыбаев. Марқұмның туысы Мақсат Жиенбековтің айтуынша, ағасы кран жүргізушісі болып шамамен 15 жыл жұмыс істеген. Артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Жұмабек Қалдыбаев. Суретті туыстары ұсынған

Қазір марқұмның туыстары не болғанын анықтауға тырысып жатыр. Олардың айтуынша, құрылыс басшылығы олармен байланысқа шықпаған.

"Кеше кешке сағат 18:30-да Бостандық ауданының полиция басқармасынан қоңырау шалып, ағам құрылыс алаңында қаза тапқанын айтты. Кран құлаған. Ешкім қалай құлағанын, не болғанын, не себеп болғанын айтпай отыр. Бүгін құрылыс алаңына бардық, бірақ бізді ішке кіргізген жоқ. Басқарушы директорға хабарластық, ол да ештеңе айтпады. Ұйым басшылығы байланысқа шықпай отыр. Бәрі жасырын. Біз тергеу ашық жүргізілуін талап етеміз", – деді марқұмның жиені Мақсат Жиенбеков.

Туыстарының айтуынша, марқұмның денесі әлі берілмеген. Құрылыс алаңы мөрленген. Кей деректер бойынша бұл жерде тұрғын үй кешені салынып жатқан.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget