Current Date: 13-06-2025

Ұлыбританияда су үнемдеу үшін арнайы құрылғылар қолданылады

Ұлыбританияда тұрғындар күніне орташа есеппен 150 литр су тұтынады.

Елдің оңтүстік және шығыс аймақтарында жауын-шашын аз жауатындықтан, суды халық көп тұтынады. Сондықтан бұл өңірлердегі әр үйде су есептегіш құрылғылар бар. Бұл судың қаншалықты көп пайдаланылғанын көрсетеді. Аталған аймақтарда жоба 10 жыл бұрын енгізілген. Құрылғылар суды үнемдеуге септігін тигізіп, билік 2030 жылға қарай, жобаны қолдану аясын кеңейтуге ниетті.

Ресейде қар суын пайдаланудың тиімді әдісі бар

Ресейде фермерлер қар суын тиімді пайдалану үшін ақ ұлпаны тоқтату технологиясын қолданады. Бұл оны ұстап тұру үшін қажет. Көктемде еріген су топыраққа терең сіңеді. Ресми дерекке қарағанда, бұл құрылғылар 1 шаршы метр жерге 230 литрге дейін ылғал жинауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, топырақты жылытып, қыста егін алқаптарының аман қалуына көмектеседі. Бұл технологияны әдетте қаңтардың соңында, қар қалыңдығы 20 сантиметрге жеткен кезде қолданады.

Ғалымдар тұманнан су жинайтын құрылғы ойлап тапты

Чили

Чили ғалымдары тұманнан ішуге жарамды су өндіретін құрылғы ойлап тапты. Бірегей аппарат пластиктен жасалған. Ол биік жерлерге орнатылады. Жиналған ылғал арнайы резервуарларға құйылып, сүзгіден өткізіліп, ішуге және тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылады. Бір құрылғы тұманды күнде 400 литрге дейін су жинай алады. Технология елдің солтүстігіндегі Атакама шөлінде қолданысқа енгізіле бастады.

Сингапур су тұщыландыруды екі есе ұлғайтуға ниетті

Сингапур 2060 жылға қарай тұзды су мен ағынды суды тазартатын өндіріс көлемін екі есеге ұлғайтпақ. Ол үшін елде жаңа зауыттар іске қосылып, су тазарту қуатын ұлғайту жоспарланып отыр. Өндіріс орындарында теңіз суы мен ағынды сулар екі кезеңмен тазаланады. Әуелі мембраналық сүзгіден өткізіліп, қоқыс пен бактериялардан, содан кейін ультракүлгін және сутегі пероксиді арқылы тазартылады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жолмен алынған су Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының талаптарына толық сай келеді.

Фариза Жанғанаева, Райхан Серикова