Елорда көшелерінде арнайы белгісі жоқ, жылдамдықты бақылайтын бейнекамералар орнатылған көліктер жүр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған көліктер жолда қалыпты көлік секілді қозғалып, жүргізушілердің жол ережесін сақтауын қадағалап отыр.
Жаңа жүйе – «Ekin Xspotter» деп аталады. Ол арнайы көлікке орнатылады, ал көлік сырт көзге мүлде қызметтік техникаға ұқсамайды. Яғни, белгілер де, жарық шамдары да жоқ. Мұндай жасырын патрульдеу тәсілі халықаралық тәжірибеге негізделген.
“Жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол ережесінің сақталуын күшейту үшін мобильді автоматтандырылған кешендер қолданылып жатыр. Бұл жүйе жолдағы жағдайды толық бақылауға мүмкіндік береді”, – дейді Астана қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шауленова.
Жыл басталғалы бері дәл осы жасырын камералар арқылы 5 мыңға жуық құқық бұзушылық тіркелген. Олардың басым көпшілігі – жылдамдықты арттырумен байланысты.
Мамандардың айтуынша, бұл жүйе тек полиция көліктеріне ғана емес, қажет болған жағдайда жедел жәрдем мен қоғамдық көліктерге де орнатылуы мүмкін.