Current Date: 13-06-2025

Ипотекаға баспана алудың шарттары өзгереді

Елімізде ипотекаға баспана алудың шарттары айтарлықтай өзгереді. Бүгін Сенатта үлестік құрылысқа бақылауды күшейту туралы заң жобасы мақұлданды. Енді құрылыс басталмай тұрып банк ипотека бермейді. Алдымен тұрғын үйдің заңды салынуы тексеріледі. Бұл қадамдар үлескер алданып қалмауы үшін жасалып отыр. Өзгеріс көп. Азамат Бейбітұлы рет-ретімен тарқатсын.

Елімізде 40-тан астам көпқабатты тұрғын үй құрылысы тоқтап тұр. Талай жыл тірнектеп жинаған ақшасын сол үйлерге салған адам көп. Үлесі үптеліп, сот жағалап жүргендер аз емес. Мұндай жағдай болмас үшін депутаттардың бастамасымен құрылысқа бақылауды күшейтетін заң жобасы түзілді. Мысалға, енді салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол ақшаға сатып ала алмайсыз.

Сүйіндік Алдашев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Қазір біз цифрландық деп жатырмыз ғой. Ол банкке барып, қолма-қол ақшасын салады және ары қарай келесім-шартта бәрі көрініп тұруы керек. Оларды біз тексеруге жақсы болу үшін.

Құрылыс компанияларына бірқатар жеңілдіктер де қарастырылған. Мысалы, көпқабатты үйдің қаңқасы тұрғызылған соң және Бірыңғай оператордың кепілдігі бар жағдайда, банктердің қатысуымен үлескерлік құрылысқа рұқсат беріледі. Дегенмен салынып жатқан үйлерді сатып алуға байланысты алдын ала шарттар жасасуға тыйым салынып, үлескердің ақшасын тарту ісі жергілікті атқарушы органдардың бақылауында болады. Заңда салынып жатқан көпқабатты нысандарға ипотека рәсімдеуге және үлескерлердің қаржысын рұқсатсыз жарнамаға тартуға тыйым салынбақ.

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

Бұл жерде 2 мың АЕК ол әкімішілік кодекстің ең жоғары айыппұл мөлшерлемесі екенін атап өту қажет. Бұл айыппұл соммасы 7 млн 800 мыңға дейін көтерлді. Және құқық бұзушылықтың әр жеке фактісіне қолданылатын болады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Былтыр елімізде 19 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй салынған. Қазір 40-тан аса тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұрғанын ескерсек, бұл тұтас көрсеткіштің өте аз бөлігі ғана. Дегенмен әр үлескердің үміті мен қаржысы ақталуы керек. Сондықтан заң тетіктері күшейтіліп жатыр. Ал азаматтар енді алданып қалмас үшін, елімізде үлескерлерді қолдау орталығы құрылады. Онда құрылыс компанияларының жұмысы қаншалықты заңды екені жайлы барлық ақпарат көрсетілмек.

Азамат Бейбітұлы